Қарағанды әкімдігі «Бесобаның» пәтер алмаған үлескерлеріне сотқа жүгінуге кеңес берді

0

13 маусымда Қарағанды әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов бұзылған «Бесоба» тұрғын үй кешенінің пәтер алмаған үлескерлеріне сотқа ұжымдық шағым түсіруге кеңес берді.

— Мен ол кезде болған жоқпын. Сіздерге кімнің не дегенін білмеймін. Сотқа жүгінбеске болмайды. Басқа амал жоқ. Құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, даудың нүктесін сот қоюы керек. Сот шағымдарыңызды мақұл көріп, бізді үй салып беруге не баспана беруге мәжбүрлесе, орындаймыз, — деді Оспанов.

«Бесоба» тұрғын үй кешені сондағы көпқабатты үйлердің бірі құлаған соң бұзылған. 13 маусымда қала әкімдігіне келген бастамашыл топ салынып жатқан үй бағасын толық төлеп бітпеген 27 үлескердің атынан келген.

Үлескерлер тұрғын үй кешеніне үлескер болғандардың бәріне бірдей неліктен баспана берілмегенін, «Бесобаның» орнына салынып жатқан «Шапағат» тұрғын үй кешенінен уәде етілгеніне қарамастан өздеріне не үшін пәтер тимегенін түсіндіруді талап етті.

— Тып-тыныш күттік. Бізге уәде берді, жапа шегуші деп таныды. Бұзылған үйдің орнына жаңа нысанды салуға бюджеттен қаншама ақша бөлінді! Екі кешенді салуға жетер еді. Сол ақша қайда кетті? Біздің № 4 үйіміз апаттық жағдай тұрған жоқ деп танылған, іргесі нық тұр еді. Құрылысын өзіміз-ақ бітіріп алар едік. Бірақ бізден бір ауыз сұрамастан бұзып тастады. Бұл біздің ақшамыз ғой. Енді жауапкершіліктен қашып отырсыз ба? Сонда бізді алдап келгендеріңіз ғой? — деді бастамашыл үлескерлер тобының өкілі Наталья Дранова.

Үлескерлер барлық үйді бұзу және жаңа салынған үйлерді тек толық төлем жасаған үлескерлерге беру туралы шешімді кім қабылдағаны туралы ресми құжаттарды талап етті. Әкімдік өкілдері «мұндай құжаттарды сот сұрауы керек» деді.

Кездесуден соң үлескерлер әкімдік жауабына разы емесін айтты. Толымсыз үлескер аталатындар кезінде үй құнының алғашқы жарнасы ретінде 10-20 пайыздық салым төлеп үлгермеген. Оған үйлердің пайдалануға берілмеуі, мердігер құрылысшының қашып кетуі себеп болған. Билік толымсыз үлескерлерді «Бесоба» орнына салынып жатқан «Шапағат» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға үміткерлер қатарынан алып тастаған.

Азаматтар өздерінің тарапынан заң бұзылмағанын айтады. Олар «Бесоба» орнына үй салып жатқан компаниямен келісіп, қалған соманы төлеуге әзір. Үлескерлер сөзінше, қашып кеткен құрылысшыға үй салуға рұқсат берген әкімдіктің де мойнында жауапкершілік бар.

Оқи отырыңыз: «Бесобаға» ақша салғанымен үйсіз қалды

2012 жылы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің көп қабатты үйі құлап қалды. Оған топырақтың жұмсарып, іргетастың шайқалуы себеп болған деседі. Билік басқа үйлер де құлауы мүмкін деп салынып бітпеген үйлерді де күреп тастады. «Бесобаны» қабылдап алған бұрынғы төрт шенеунік немқұрайлы қарағаны үшін айыпты деп танылды, кейін оларға рақымшылық жасалды.

Azattyq