«Қарабет болып қалдым»: Алматы облысында 5 әйелді жүкті еткен еркекке алданған әйелдер мән-жайды айтты – Қазақстан жаңалықтары

0

Бір емес, алты келіншекті «сүйем» деп алдап келген альфонс жігіт іздестіріліп жатыр. Бірін несиеге кіргізіп, екіншісіне бала туғызып, үшіншісінің жиған-тергенін алып кеткен. Тақырға отырған келіншектер иманындай сеніп жүрген азаматының бала-шағасы бар екенін тек полицейлерден есітіп мең зең күйде. Азаматтық некеден оның бес әйелден туған алты баласы жан-жақта. Ал бір еркек үшін түксіз қалған аналар Рамиль Байрамовты жер-көктен іздеп таппай жүр. 

"Қарабет болып қалдым": Алматы облысында 5 әйелді жүкті еткен еркекке алданған әйелдер мән-жайды айтты

Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасы» хабарлайды. 

Юлия Николенко азаматтық некедегі күйеуімен үш жыл бұрын әлеуметтік желіде танысқан. «Ажырасқанмын, балам бар, көмектесіп тұрамын» деген жігітке алданып қалғанын айтады. Тым қамқорлық танытқанына есі ауып, бірге тұруға келіскен. Бір ұл тауып та берген. Іші-бауырына кіріп, әбден сенімінен шыққан соң, өз басындағы проблемаларын айта бастады, дейді. Шешем ауырып жатыр, халі мүшкіл деп қомақты қаражат сұрапты. Ал келіншек болса қолынан келген көмегін аямаған. 

«Шамамен 500 мың теңге алды менен. Тағы ағамның көлігін бөліп төлеймін деп сатып алған. Сол бойы не көлік, не ақшасы жоқ. Үш жыл болды қашып жүр. Мен туғандарымның алдында қарабет болып қалдым», – дейді Юлия Николенко. 

Қарабет болған тек Юлия Николенко ғана емес. Құлай сүйдім деген сөзіне құлаған тағы бес келіншек бар. Бәріне бала туғызып, ақшаларын алған соң ізін суытқан. Алданған әйелдер бір-бірін әлеуметтік желі арқылы тапқан. Біріне Амирмін, екіншісіне Самирмін деп өтірікті үйіп-төккен. Тіпті, бірі Шымкенттің тұрғыны. Анель Оразбаева да көзін махаббатпен байлаған азаматқа әперген несиесін төлеп, бір ұлын құшақтап қалған. 

«Қыздарды іздеген мен. Қазір алты келіншекпіз. Оның 2017 жылы екі баласы екі әйелден туылған. 2018 жылы тағы екі әйелден екі баласы туылды. Бәрімізге айтып келгені –  бірінші жарынан 8-9 жастағы екі баласы бар екені», – дейді Анель Оразбаева.

Сонда ер азаматтың бес әйелден алты баласы бар. Сәбилерін құшақтап қалған келіншектер бұрын бір-біріне күндес болса, енді мұңдас. Себебі бөлісе алмай жүрген сүйіктілерін іздеуге кіріскен. Әкелік міндетін міндеттеу үшін емес, несиелерін төлеп, көліктерін қайтару үшін. Ал Амир, Самир деп өзін сан есіммен атаған «Дон Жуанның» шын аты Рамиль Байрамов екен. 

Байрамовтың анасының айтуынша, ұлының заңды некеде екі баласы бар. Солармен бірге тұрады. Ал жолдан қосылған келіндерінің бірін де танымайды екен. 

Бірақ алданған келіншектер экс-енесімен танысқанын, араласқанын айтады. Тіпті, қоңырау шалып, отбасындағы ауыр жағдайларымен бөлісетін болған.

Қазір облыстық полиция департаментіне бес әйелден арыз түскен. 

«Қазіргі таңда ҚР ҚК 190-бабы, яғни алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар үш арызды бір өндіріске біріктіру қарастырылуда. Сондай-ақ, Шымкент қаласында да бұл азаматқа қатысты арыз түскені анықталды», – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Серік Үпиев.

Сезімнің жетегінде кеткен әйелдер экс-күйеуінің түрін басқалары жаттап алса дейді. Өйткені өздері құсап бөтеннің несиесін төлеп, жалғызбасты ана атанғандарын қаламайды.

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз