Қар барысын қорғаушыға айналған бұрынғы браконьерлер

0

– Осы ауылда тұрамын, бірақ Жазатыр ауылында туғанмын. Отбасының тұңғышымын. Зейнеткер ата-анам Аргутта тұрады, әйелім мен бала-шағам – Жазатырда, ол жақта мектеп бар. Көбіне ата-анаммен Аргутта боламын. Осылай тұрып жатырмыз, туған жерден ешқайда кетпейміз, – дейді аңшылардың бірі Мерген Марков.

Мерген Марков

Мерген Марков

Әкесі оны бес жасынан бастап орманға өзімен бірге ертіп алып жүріп, аңшылыққа баулыған. Аңдардың қайда жүретінін, қайсысын қалай аулау керектігін үйреткен. «Мектеп кезінен бастап мал бақтым. Әскерге барғанға дейін және келген соң да солай күн көріп келеміз» дейді Мерген.

Небәрі 12 адам қалған Аргут ауылында тұру оңай емес. Олар мал бағып, күн көреді. Биік тау, қатаң табиғат жағдайы да шопандарға оңай тимейді. Ауылға келу үшін асу мен жазық даладан өту керек. Ауа-райы бұзылған кезде ауылға көлік келмейтін кездер болады. Тек атпен қатынайды. Бұл жақта ұялы телефон байланысы ұстамайды. Қоңырау шалу үшін көрші ауыл Жазатырға бару керек. Жақында бұл жерде спутник байланысын орнатты, тіпті мәдениет үйін де ашты. Бірақ шопандардың мәдени шараға көңіл бөлуге уақыты жоқ. Күн көру мақсатында көбі браконьерлікпен айналысуға мәжбүр.

Мерген Марковтың ата-анасы.

Мерген Марковтың ата-анасы.

Браконьер-аңшыларды табиғат қорғаушысына айналдыру идеясын Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қорының (WWF) сарапшысы, Алтай қорығының қызметкері Сергей Спицын айтқан. Ол Мергенге «Егер Қызыл кітапқа енген аңдарды өлтіруді тоқтатсаң, Ұлттық саябаққа жұмысқа орналасып, барыс популяциясын бақылауға көмектесесің» деп айтқан. Ауылда тұрақты жұмыс табу мүмкін емес, сондықтан Мерген ұсынысты қабылдаған.

– Онымен Аргуттағы үйімде кездестім. Маған қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп, аңдарды түсіретін камера берді, 4 ай сынақ мерзімін белгіледі. Біз орнын анықтадық, сол жерге барып, камераны орнаттым, – дейді Мерген.

Аргут ауылы.

Аргут ауылы.

Мерген камераны теңіз деңгейінен 2000 метрге жуық биіктіктегі жартасқа орнатады. Сол суреттерге қарап ғалымдар барыстың популяциясы туралы, олардың тіршілігі, жағдайы, өмір сүру ортасы туралы дерек алады. Барысты басқаша бақылау мүмкін емес, ол таудың ең биік жерлерін мекендейді, адамдарды көрсе қашады.

– Ең алғаш түсірген суретімді әкеме көрсеттім, ол суреттегі барыстың ұрғашы, буаз екенін айтты. Дәл сол жерге бір айдан соң тағы камера орнаттық, ұрғашы барыс күшіктерімен жүрді. Содан соң қар барысының күшіктерінің суретін түсірдім, оларға ат қойдым. Біреуін Батыр, екіншісін Аргут деп атадым, – дейді Мерген.

Қар барысын бақылап жүрген Мерген Марков.

Қар барысын бақылап жүрген Мерген Марков.

Сергей Спицынның айтуынша, алғашқы 20 суретті 2010 жылы Snow Leopard Conservancy барысты қорғау бойынша халықаралық ұйымның жетекші сарапшысы Родни Джексон зерттеушілерге сыйлаған. Қазір ол суреттерді ғалымдардың көбі қолданады.

– Роднидың айтуынша, Аргуттағы барыстарды сақтай алсақ, олардың саны 10 жыл бұрынғы көрсеткішке қайта жетер еді. Себебі бұл жерде барыстың негізгі қорегі – сібірлік тауешкілер бар. Бір таңғаларлығы, үш жылда бірде-бір тау барысын суретке түсіре алмадық. Тек 2012 жылдың ақпан айында Аргуттың сол жақ тармағынан екі аңның ізін кездестірдік. Сол жерге камера орнаттық, мамырдың соңында екеуінің суретін алдық, оларды Вита және Крюк деп атадық. Барыстың әдеттерін жақсы білетін адамдар керек болды, олар аңшылар еді. Бізге кедергі келтіріп жүрген жандар көмектесуге тиіс болды, – дейді Спицын.

"Сайлюгем" ұлттық саябағында орнатылған камераға түсіп қалған қар барысының суреті.

«Сайлюгем» ұлттық саябағында орнатылған камераға түсіп қалған қар барысының суреті.

Жергілікті тұрғындардың бірі оған «Марковпен сөйлесіп көр» деп кеңес берген.

– Бұрын браконьер болған, бірақ жұмыс табылса бұрынғы кәсібінен бас тартуға дайын адамды іздедім. 2013 жылы кезекті экспедиция кезінде Мергеннің үйіне бардым. Ол дереу келісті. Сынақ мерзімін тағайындадық. Шынын айтсам, оның барысты суретке түсіре алатынына, тіпті бізбен жұмыс істеуге келісетініне сенбеген едім. Бірақ Мерген бір жарым айдан айдан соң суреттер алып келді. Оны өте тік жартаста түсіріпті. Адамдардың ондай жерге шыға алатынын білмеппін. Сол кезде дұрыс шешім қабылдағанымызды түсіндім, – дейді Спицын.

Кейін Мерген оны аңдарды қорғауға әзір өзге аңшылармен таныстырған.

Қар барысы барыс тұқымдас аңдар тобына жатқанмен (пантераның төрт түрінің бірі) адамдарға қауіпсіз. Мамандардың айтуынша, барыстың адамға шабуылдағаны туралы екі оқиға ғана тіркелген, оның бірі құтырған барыс екен, екіншісі кәрі әрі әлсіз болған, қатты ашыққандықтан сондай әрекетке барса керек. Бірақ ол адамды өлтірмеген. Қар барысының малға шабуылдайтын кезі де сирек. Ондай жағдай болған күнде шопандар малын қорғайды, ал жыртқыш аң адамға зиян келтірмей, қашып кетуге тырысады.

Қар барысы адаммен кездеспеуге тырысады, ал адамдар оны аңдып, әдемі әрі қымбат терісі үшін аулайды немесе аңды тірідей ұстап сатуға тырысады, барысты сатып алғысы келетіндер жетерлік, ол өте қымбат бағаланады. Сондықтан да әлемде қар барысының саны тым азайып кетті, қазір тек жүздеп саналады. Қар барысы қазіргі кезде жоғалу қаупі төнген аңдар санатында тұр.

Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры 2015 жылы аңшыларды барысты зерттеу ісіне араластыра бастады. WWF «Салюмгем» ұлттық саябағымен бірге өткізген жобаға сәйкес, жергілікті тұрғындар браконьерлік кәсіптен бас тартып, қар барысын сақтау міндетін мойнына алады.

Егер жыл соңында барыс камераға түссе, оны өз аймағында сақтай алған тұрғындар жыл сайын 40 мың рубль көлемінде сыйлық алады, бұл бір барыстың терісінің құнымен пара-пар. Бұған қоса, ұйым өкілдері атты жалға алу сияқты еріктілердің қосымша шығынын өтеп береді. Бұл жүйе Таулы Алтайдың бірнеше саябағында қолданылады.

Аргут маңайы.

Аргут маңайы.

Басқа аңшылар сияқты Мерген де автомат камераны орнатып, тексереді, ақпарат жинайды, тұзақ пен қақпандарды жинап жүреді. Ең бастысы – браконьерлікпен айналыспайды. Егер қар барысы аумақтан жоғалса, аңшының сыйақысы да тоқтайды.

– Бұл жақтың тұрғындары ғалымдар келген соң ғана жануарларды қорғау туралы ойлана бастады деуге болмайды. Алтайлықтар үшін қар барысы да, арқарлар да – тотемдік жануарлар, қасиетті саналады, – дейді «Сайлюгем» ұлттық саябағының ғылым, ғылыми зерттеулер және қоршаған ортаны мониторинг жасау жөніндегі директордың орынбасары Денис Маликов.

Кош-Агач ауданының браконьерлікке қарсы қоғамдық бригадасының мүшелерін де Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қоры (WWF) қолдап отыр. Жергілікті тұрғындардан құралған еріктілердің айрықша өкілеті жоқ, бірақ олар тәртіп бұзушылықтың алдын алып, тұрғындарға жабайы аңды сақтаудың маңызын түсіндіруге тырысады. Қор өкілдерінің айтуынша, тәжірибе ретінде басталған әдіс өз нәтижесін берді.

Ғалымдардың дерегі бойынша, көрші Тывада браконьерлер өздерін еркін сезінетін сияқты.

Ресейде 70-90 ғана барыс қалған. Алтай – қар барыстарының тіршілік етуіне қолайлы мекеннің бірі. Адамнан қашатын, сақ барысты суретке түсіру – үлкен олжа.

Мерген Марковтың орнатқан камерасы.

Мерген Марковтың орнатқан камерасы.

Қазір Мергенде 10 камера бар, үш барысты қамқорлығына алған.

– Төңіректі шолып, тайга мен тау-жартастарға шығамын. Ай сайын камераларды қараймын. Бала кезімнен осы маңды жақсы білемін, әкем қазір аңға шықпайды, үйде отырады, ал мен аңшымын, бірақ қазір басқа мақсатта «аңшылық» жасаймын. Барыстың тағдырына немқұрайлы қарамайтындарға шамам келгенше көмектесемін, – дейді Мерген.

Бірақ Алтай тұрғындарының бәрі бірдей браконьерліктен бас тартты деуге келмейді.

– Ауыл тұрғындарының жағдайы барған сайын нашарлап барады. Браконьерліктің түбі әлеуметтік қажеттілікке тіреледі. Бір амалын табу керек. Экологтар түрлі жоба жасайды, бірақ ол жеткіліксіз. Жергілікті тұрғындарға жұмыс орны керек. Мәселені жан-жақты қарап, шешу керек, – дейді Сергей Спицын.

– Браконьерлік әлі жойылған жоқ. Жергілікті тұрғындар аң аулауға келген дәулетті браконьерлерді аңшылыққа алып шығады, жол көрсетеді. Кейбіреулер сонымен тұрақты ақша табады. Күнкөріс үшін аулайтындар бар. Бірақ ерігіп, қызық үшін аңға шығатындар қауіптірек. Біреулер тіршілік үшін, енді бірі қалтасын қомпайту үшін аңшылық жасайды. Ауыл басшыларынан бастап құқық қорғаушыларға дейін биліктегілер де осындай істен тартынбайды. Оларда артық қаражат бар, демек, жол талғамайтын көлік, квадроцикл мен қымбат қару сатып ала алады, – дейді алтайлық эколог Алексей Грибков.

Алтайдағы қар барысының қорғаушылары.

Алтайдағы қар барысының қорғаушылары.

Оның айтуынша, 2017 жылы Кош-Агач ауданында браконьерлер «Сайлюгем» ұлттық саябағы аумағында сегіз тауешкіні атып өлтірген, енді бірі Қызыл кітапқа кірген алтай арқарының ұрғашысы мен екі төлін атқан. Жергілікті тұрғындар оны сырттан келгендер істеді деп ойлаған, бірақ соңында ауыл басшыларының өздерінің тауешкіні атқаны анықталды.

Денис Маликов та бұл деректі растайды.

– Қазір барыстың терісін өткізетін нарық жоқ, бірақ ол көбіне бұғы немесе өзге аңдарға қойылған тұзаққа түседі. Мүйізсіз бұғының (кабарга) жұпары (мускус) әлі күнге дейін қымбат. Осылайша аңшылар барысқа қауіп төндіреді. Бір браконьер 50-200 тұзақ құруы мүмкін, – дейді Маликов.

"Сайлюгем" ұлттық саябағында орнатылған камераға түсіп қалған қар барысының суреті.

«Сайлюгем» ұлттық саябағында орнатылған камераға түсіп қалған қар барысының суреті.

Сондықтан қазір Аргут өзені алқабы мен Қурай жотасында қалған 53 қар барысының әрқайсысы экологтардың тырысуына қарамастан браконьерлердің құрбаны болуы мүмкін. ​

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз