Қабырға тұрғызуға қаржы бөлінбесе, үкімет жұмысы жанданбайды

0

АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикамен шекарада дуал тұрғызуға қаржы бөлу туралы талабы орындалмайынша үкімет жұмысы ішінрара тоқтап тұра беретінін («шатдаун») мәлімдеді.

«Америка дауысы» радиосының хабарлауынша, мемлекеттік мекемелердің төрттен бірі жұмысын тоқтатқан. «Шатдауан» зардабы федералдық мекемелердің 800 мыңнан астам қызметкеріне тиіп отыр, олардың жартысынан көбі ақысыз жұмыс істеп жатыр.

АҚШ-та 24-25 желтоқсан Рождество мерекесі тойланатындықтан Конгресс пен Ақ үй бюджет мәселесін мерекеден кейін ғана шеше алады. Сенаттың ендігі отырысы 27 желтоқсанға белгіленген.

Президент Дональд Трамп Конгрестен Мексикамен шекарада қабырға тұрғыза бастау үшін 5,7 миллиард доллар бөлуді талап етеді, ал демократтар бұны орындаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Шекарада қабырға тұрғызу жобасына барлығы 20 миллиард доллардан қаржы кетуі мүмкін. Трамп сайлауалды кампаниясында шекарада қабырға тұрғызу шығындарын Мексика төлейді деп уәде берген.

Дереккөз: Азаттық