Путиннің ғылыми жетекшісі биыл да Ресейдің ең бай ректоры атанды

0

Ресей президенті Владимир Путиннің бұрынғы ғылыми жетекшісі Владимир Литвиненко Ресейдің ең бай ректоры атанды. Бұл туралы ресейлік университет ректорларының табыс декларациясына сілтеп, РБК хабарлады.

Санкт-Петербургтегі Горный университетін басқаратын Латвиненко ең бай ректорлар рейтингінде төрт жылдан бері көш бастап келеді. Ресми дерекке қарағанда, 2018 жылы ол 240 миллион рубль (3,6 миллион доллар) табыс тапқан.

Горный университетінің ректоры ретінде алатын 7 миллион рубль жалақыдан бөлек Литвиненко өзі 20 пайыз акциясына иелік ететін «ФосАгро» компаниясынан пайда табады. 2017 жылы Ресей президентінің бұрынғы ғылыми жетекшісі бұдан көбірек — 250 миллион рубль тапқан.

Былтыр Владимир Литвиненко Forbes жасаған Ресейдегі ең бай адамдар тізімінде 122-орында тұрған. Басылым оның дүниесін 850 миллион долларға бағалаған.

Azattyq