президенттің баспасөз хатшысы министрдің сөзін түсіндірді

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Президенттің баспасөз хатшысы Әділет министрі Марат Бекетаевтың сөзіне қатысты түсіндірме жасады. Министр кадрлық тағайындауларға қатысты «соңғы шешім – Қауіпсіздік кеңесінің құзыретінде» деген пікір айтқан болатын

НҰР-СҰЛТАН, 23 қазан – Sputnik. Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Әділет министрінің пікірталас тудырған сөзін түсіндірді. Марат Бекетаев мемлекет басшысының жуырда қол қойған жарлығының мазмұны жөнінде журналистердің сұрақтарына жауап берген болатын. Министр кадрлық тағайындауларға қатысты «соңғы шешім – Қауіпсіздік кеңесінің құзыретінде» деген пікір айтты.

«Әділет министрінің түсіндірмесін қисынсыз деп санаймын. Мүмкін Бекетаев мырза тілшілердің қысымынан абдырап қалып, қате тұжырым жасаған шығар. Дегенмен мұндай жоғары деңгейдегі лауазымды тұлға кез келген мәселені өзінің функционалдық міндеті аясында әрқашан біліктілікпен түсіндіруі тиіс», — деді президентінің баспасөз хатшысы.

Берік Уәли бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойғысы келетінін атап өтті.

«Конституция – негізгі заң. Құжатта мемлекет басшысының функциясы мен өкілеттілігі анық жазылған. Әртүрлі көзқарас туғызған 2019 жылдың  9 қазандағы жарлықтың ережесі бар. Соған сәйкес, президент «Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілері мен өзге де лауазымды адамдарын қызметке келісу, қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі туралы ережеде» көрсетілген процедуралардан тыс шешімдерді қабылдауға құқылы», -деді Уәли.

Тағы оқыңыз: «Соңғы сөзді айтады»: Министр Тоқаев қандай жағдайда Назарбаевпен келісетінін айтты

Ол тек президент мемлекеттің басты лауазымды тұлғасы, Конституцияның кепілі, Жоғарғы бас қолбасшысы екенін атап өтті. Яғни тек президент конституцияға сәйкес, үкімет мүшелерін, күштік құрылым басшылары мен өзге де ведомстволардың жетекшілерін, сондай-ақ, өңірлердің басшыларын тағайындауға қатысты шешімдерді қабылдайды.

«Пікірталас тудырған осы жарлыққа қатысты айтар болсақ, ол тек рәсімдік сипатта ғана. Сондықтан мемлекет басшысының конституциялық міндеттері мен функциясын атқаруға ешқандай кедергі келтіре алмайды», — деп түйіндеді өз сөзін Берік Уәли.

Жарлыққа қол қойылды

Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік билік органдары жүйесінде кадрлық саясат саласындағы өкілеттігін кеңейтетін жарлыққа қол қойған болатын.

Оған сәйкес, енді президент министрлер мен әкімдерді қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісіп барып қана тағайындайды. Бұл тізімге сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрліктерінің басшылары кірмейді.



sputniknews.kz