Президент судьялардың кадр мәселелерін Жоғарғы сот кеңесіне өткізуді тапсырды — Ел жаңалықтары

0

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевкадрлық мәселелердің бәрін Жоғары Соттан Жоғары Сот Кеңесіне беруді ұйғарды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Судьялардың мансаптық ілгерілеуі қоғам тарапынан бағаланатын кәсіби біліктілігі мен адалдығына ғана байланысты болуға тиіс.

Елбасы сот кадрларын сапалы тұрғыда жаңартуға бағытталған заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, 2019 жылы 470 судья кәсіби бағалаудан өткізіледі. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот пен Жоғары Сот Кеңесінің басшылығына бұл мәселенің шынайылығын қамтамасыз етуді тапсырды.  

«Қоғамда соттарға деген нық сенім болғанда ғана сот жүйесін жаңғырта аламыз. Біздің түпкі мақсатымыз — тәуелсіз әрі сатылмайтын сот билігі. Соттар статистикалық әдістермен ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы бағаланатын болады. Сот құрамы судьялардың қаншалықты адал қызмет етіп, сенімге ие болғанына байланысты бағаланатынын түсінуге тиіс. Заңнаманы қатаң сақтауға негізделген шұғыл әрі ашық сот төрелігі қоғамымыздың негізі мүддесі мен еліміздің стратегиялық даму бағытына сай келеді», — деді Мемлекет басшысы.Қазақстан Президенті сот ісін жүргізуде және электрондық сервистер жұмысында жаңа форматтар енгізуді, сондай-ақ сот ғимараттарында фронт-кеңселер құруды тапсырды.

Белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуына бақылау жасауды қамтамасыз ету Президент Әкімшілігіне жүктелді. Бұл орайда, сот істерінің сапалы әрі уақтылы қаралуына, сондай-ақ азаматтардың талабын қанағаттандыруға баса мән берілуі керек.