Помпео мен Лавров Украина, Иран, Венесуэла мәселесін талқылады

0

14 мамырда Сочиде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесіп, Сириядағы жағдайды, Иранның ядролық қару бағдарламасын, Украинаның шығысындағы және Венесуэладағы ахуалды талқылады. Бұл туралы Помпео мен Лавров кездесуден кейін өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

Екі елдің өкілдері бұл кездесу АҚШ пен Ресей қарым-қатынасын жақсартуға жасалған қадам болуы мүмкін деп санайды. Помпеоның сөзінше, Вашингтон мен Мәскеу арасында бірнеше мәселе бойынша әлі келіспеушілік бар. Ол Лавровпен кездесуде Ресейдің 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлауға араласқаны жайлы айтқан. Помпеоның айтуынша, Ресейдің АҚШ сайлауына килігуі екі елдің арасын суытқан. АҚШ өкілі Ресейден мұндай әрекеттерді доғаруды сұрады.

Ал Лавров “Ресей АҚШ-тағы сайлауға араласты” деген сөзді жоққа шығарып, Помпеоға “АҚШ-тың Ресейдің ішкі ісіне араласқанын дәлелдейтін құжаттар тапсырғанын” айтты.

Лавров Помпеомен Ресей-АҚШ қатынасын жақсартатын бірнеше қадам жасалғанын мәлімдеді. Бірақ қандай қадамдар екенін ашып айтпады. Оның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин маусымда Жапонияда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуге дайын.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео Мәскеуден қамауда отырған украиналық теңізшілерді босатуды, Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленскиймен қарым-қатынасты реттеуді сұрады.

Помпео Венесуэла президенті Николас Мадуро биліктен кету керектігін айтса, Лавров АҚШ-тың Венесуэланың ішкі ісіне араласпауға шақырды.

Помпеоның сөзінше, АҚШ Иранмен соғысуға ниеті жоқ, бірақ Вашингтон Тегеран ядролық қарудан бас тартып, қазіргі саясатын өзгертеді деп үміттенеді. Ол Мәскеу Тегеранмен осы мәселе бойынша сөйлесіп, Иранды райынан қайтаруы керек деп санайды.

14 мамырда Майкл Помпео Ресей президенті Владимир Путинмен де кездесуі тиіс. Бұл – АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпеоның Ресейге алғашқы сапары.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз