Полиция журналистерге шабуылды қажетті дәрежеде зерттемей отыр

0

29 қаңтарда құқық қорғаушы Евгений Жовтис, адвокат Айман Омарова, адвокат Инара Масанова және құқық қорғаушы Гүлмира Қуатбекова Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, құқық қорғау органдарының өткен жылғы журналистерге жасалған шабуылды қажетті дәрежеде зерттемей отырғанын айтты.

Олардың айтуынша, оқиғадан бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де, тергеу жұмыстары жылжымаған. Адвокаттар «Өзінше билік ету» бабын «Журналистердің жұмысына топ болып кедергі жасау» бабына өзгертуді сұрағанмен шағымдары қанағаттандырылмаған.

«Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның қызметкерлері мен жәбірленушілерді бір рет қана куәлік ету үшін шақырды. Қазірге дейін бұдан бөлек бірде-бір тергеу амалы жүрген жоқ» делінген 29 қаңтар күнгі мәлімдемеде.

Олар желтоқсан айында Әуезов аудандық прокуратурасына шағым түсіріп, полицияның әрекетсіздігіне шағымданып, «осы іс бойынша былық жасаған тұлғаларға шара қолдануды» сұраған. Бірақ қаңтар айында прокуратурадан полиция қызметкерлерін «тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз жоқ» деген жауап алған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, жақында Азаттық сайтында шабуылға қатысы бар әйелдердің бірінің «әкімдік цехында» жұмыс істейтіні туралы материал шыққаннан кейін адвокат сондағы әйелден жауап алу туралы полицияға өтініш түсірген.

«Egov сайтындағы дерекке сәйкес, өтініш қаралып, жауабы берілген, бірақ белгісіз себептермен жауабы тіркелмеген» делінген баспасөз хабарламасында. Осыдан кейін адвокат Айман Омарова ішкі істер министрлігіне істі қайта бақылауға алып, полицияның әрекетсіздігі туралы шағым түсірген. Бұл өтінішке жауап келмеген.

29 қаңтар күнгі баспасөз жиыны кезінде Айман Омарова президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Алматы мен Нұр-Сұлтандағы журналистерге шабуыл ісін бақылауға алуды сұрады.

«Бұл журналистеге қарсы жасалған қылмыс. Бұл Қазақстанның имиджін құртады, бұл елде сөз бостандығы жоқ екенін көрсетеді» деді Айман Омарова.

Сәрсенбі күні таңертең Нұр-Сұлтанда ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтан Азаттық тілшісі журналистерге шабуылдың неге дұрыс зерттелмей жатқаны туралы сұраған кезде вице-министр «бұл мәселе бойынша жауап бере алмайтынын айтып» жауап беруден қашқақтады.

Былтыр 22 шілдеде жиырма шақты әйел Азаттық тілшілері мен Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро қызметкерлеріне шабуыл жасап, журналистерге қол жұмсап, кәсіби техникасын бүлдірген.

Сол күні Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро кеңсесінде тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысы бар деген күдікпен тұтқындалған көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істер туралы баспасөз жиыны өтуі тиіс еді. Бұл жиын өтпей қалды.

Келесі күні Азаттықтың Алматыдағы кеңесесіне шабуыл жасаған бірнеше әйел келіп, кешірім сұрап, артынша Азаттықты айыптай сөйледі.

Бұл жайттар туралы Нұр-Сұлтан және Алматы полициясы мен прокуратурасына бірнеше арыз берілген. Содан бері алты ай өтсе де, полиция мен прокуратураға жазылған шағымға қарамастан, бұл шабуыл әлі тексерілмеген күйі қалып отыр.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар тілшілерге шабуылды айыптап, билікті оқиғаны мұқият тергеуге шақырған. Кейбір сарапшылар «оқиға алдын ала жоспарланған» деп тұжырған. Бірақ ІІМ мұны жоққа шығарып, шабуылды министр Тұрғымбаев «екі тараптың жанжалы» деп атаған.

Видео: Хроника. Тілшілерге шабуыл қалай жасалды? (26 шілде 2019 жыл).

Журналистерге жасалған шабуылдан соң, 2019 жылдың шілде айында үкіметте өткен жиыннан кейін Азаттық сұрағына жауап берген Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистерді «арыз жазуға» шақырған. Ол істі «соңына дейін жеткізуге» уәде берген.

Human Rights Watch халықаралық ұйымының қаңтардың 15-і күні жарияланған баяндамасында Қазақстанда биліктің адам құқықтары жағдайын жақсарту туралы уәдесіне қарамастан, елеулі өзгеріс байқалмайтыны жазылған.

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы жыл сайын жариялайтын «Баспасөз еркіндігінің бүкіләлемдік индексінде» Қазақстан өткен жылы 158-орынға тұрақтаған.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз