Полиция Арон Атабектің «Шаңырақ ісіне» орай акция өткізген қызын босатты

0

14 шілдеде Алматыдағы Абай ескерткіші алдында әдеби акция өткізіп тұрған жерінде полиция алып кеткен Айдана Айдархан босатылды. 12 жыл бұрын «Шаңырақ ісі» бойынша 18 жылға сотталған әкесі диссидент, ақын Арон Атабектің өлеңін оқып тұрғанда Айдананы полиция ұстап алып кеткен. Алматының Медеу аудандық полиция бөлімшесіне алып кеткеннен кейін оны бірнеше сағаттан соң босатқан.

Бұл туралы Азаттық тілшісіне Айдана Айдарханның өзі хабарлады.

Оның сөзінше, полиция өзінен елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын қолдайтын-қолдамайтыны жөнінде сұраған. Ол өзінің қолдамайтыны айтқан. Полиция әкімшілік іс қозғамаған, тек митинг өткізу заңын бұзбауды ескерткен.

– Полицей мені үйге де апарып тастамақ болды, бірақ мен қарсы болдым. Ол мені алып кеткендіктен, жеткізіп тастауға да міндетті екенін айтты. Біз шамамен он минутта дауластық. Кейін жай киімдегі бір адам келіп, менің кете беруіме болатынын айтты, – деді Айдана Айдархан.

27 жастағы Айдана Айдархан әдеби акция кезінде әкесінің суреті бейнеленген #freearonatabek #shanyraqbostandyq деген жазуы бар плакат ұстаып шығып, осы іс бойынша сотталғандардың барлығын ақтап, босатуды талап еткен.

Ол соңғы рет әкесін 13 жыл бұрын сот залынан көргенін, әкесінің 2006 жылы сот үкіміне наразылық ретінде денесін ұстараның жүзімен тілгенін айтты. Әкесімен арадағы хаттардың баяу (екі ай мен бір жыл аралығында) жүретінін айтқан Айдана Айдархан оның үйіне хабарласу құқығына ие болғанымен, оның тапталып отырғанын да жеткізді.

Оның айтуынша, әкесінің мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш беретін уақыты келген. Бірақ өтініш бермеген, себебі ол өзін кінәлімін деп санамайды. «Оның отбасы да бұл шешімін құптайды, себебі ол түрмеде жазықтан-жазықсыз отыр» деді Айдана Айдархан.

Ол сондай-ақ, қазір «Шаңырақ ісі» бойынша Құрманғазы Өтегеновтің де түрмеде отырғанын, оны да ақтап шығаруды талап етті.

Шілденің 14-інде «Шаңырақ оқиғасына» 13 жыл толды. 2006 жылы дәл осы күні Алматының шетіндегі «Шаңырақ» ықшам ауданында «жер телімдерін заңсыз иеленіп үй салды» деп айыпталған тұрғындар мен олардың үйлерін қиратуға келген полиция арасында қақтығыс болған. Жаппай қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол 12 күннен кейін Алматыдағы 12-ауруханада көз жұмған.

«Шаңырақ оқиғасы» бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот 2007 жылдың күзінде төрт адам – Арон Едігеевті (Атабек – әдеби бүркеншік есімі) 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті 15 жылға және Рүстем Тұяқовты 14 жылға соттаған.

Бұған дейін Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқов шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.

2010 жылы Арон Атабекке «Тұтқындағы шығармашылық иесі» (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілген. Еуропарламент 2019 жылы наурыздың 14-і күні Қазақстан туралы қабылдаған қарарында «қазір қамауда отырған барлық белсенділер мен саяси тұтқындарды», соның ішінде Арон Атабекті дереу босатуға шақырған.

Арон Атабек қазір Павлодардағы АП-162/1 мекемесінде қамауда отыр.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз