Полицей жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкеріне оқ атты

0

Алматы облысында «пара алу» күдігіне ілінген полицейді ұстау кезінде күдікті бюро қызметкеріне оқ атты деп хабарлады мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз хатшысы Арман Бердалин бейсенбі, 18 сәуір күнгі брифингте.

Бердалиннің айтуынша, Алматы облыстық жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы облыстық полиция департаменті өкілдерімен біріге отырып, Панфилов аудандық полициясындағы бірнеше қызметкердің «пара алу» фактісін анықтаған.

Оның сөзінше, күдіктілер сирек аң түрлерін аулауға байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында жергілікті тұрғыннан «ертеректе тартып алынған 2491 дана ондатр терісін қайтарғаны үшін» шамамен 700 мың теңге (шамамен 1840 доллар) көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

Бердалиннің айтуынша, ұстау кезінде патрульдік полиция қызметкерлерінің бірі жемқорлыққа қарсы агенттіктің тергеу тобына қарай «үш оқ атқан». Үш полиция қызметкері жасырынып үлгерген.

Бұл оқиға бойынша Панфилов аудандық полиция бөлімшесі «билік өкіліне қарсы күш қолдану» бабы бойынша іс қозғаған. Баспасөз хатшысы ішкі істер органдарындағы «міндетін нашар атқарған» қызметкерлермен жұмыс жүріп жатқанын да айтып өтті.

Расталмаған дерек бойынша, оқиға Жаркент ауданының орталығында болған. Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға байланысты түсініктеме берген жоқ.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз