Петропавлда республикалық дебат турниры өтті

0

Фото: Автор

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кубогы үшін «Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы» атты республикалық дебат турниры өтті. Сөз сайысына Астана, Алматы, Семей, Көкшетау және Петропавл және тағы басқа қалалардан 20 команда қатысты.

Петропавлда республикалық дебат турнирі осымен 3-ші рет ұйымдастырылып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастарды Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, Қызылжар өңірінде пікірсайыс бағыты қарқынды дамып, соңғы жылдары түрлі клубтар ашылғанын тілге тиек етті.

Қуаныш Молдақашев Семей қаласының намысын қорғаған «Vamos» құрамасының мүшесі. Екі ойыншыдан құралған топ бұған дейін Семей, Астана, Павлодар қалаларында өткен республикалық сөз жарысында бірнеше рет жеңімпаз атанып үлгерген.

«Дебатпен айналысып жүргеніме 5-6 жыл болып қалды. Жалпы осы уақыт ішінде түрлі тақырыптарда пікір таластырдық. Бағдарламаларға қатыстым, қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан келелі мәселелер, әлемде болып жатқан оқиғалар, ғылымда, спортта болып жатқан жаңалықтар, жалпы өзім спортқа қызыққандықтан спорт тақырыбындағы мәселелерді көтерген ұнайды», — дейді ол.

Халықты толғандырып жүрген мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салып, от тілді, орақ ауызды қыздар мен жігіттердің шешендік өнеріне баға беру үшін Астанадан Бекарыстан Аманжолов келді. Ұтқыр ой мен өткір тілдің иесі, 9 жылдан бері пікірсайыс алаңында жүріп, талай сөз жүйріктерін артқа тастап, 50 кубоктің иегері атанған.

«Бүгінгі тенденцияда пікірсайыс қозғалысы сын тұрғысынан ойлаудың үлкен бір машықтары болып табылады. Осы қабілеттерді одан әрі дамыту арқылы азаматтардың логикалық тізбек ұйымдастыра білуі, ең бастысы өзіндік пікірін, ойын қалыптастыруда бұл мектептің еңбегі өте зор. Бұл екі күндік турнирде азаматтардан, қатысушылардан тұшымды ойлар естідік. Тақырыптар сан қилы болды. Атап айтар болсақ, Қазақстан халқы ассамблеясының қызметіне байланысты, көпшілікке белгілі өнер саласындағы азаматтар, Елбасының мақаласы жайында», — дейді Бекарыстан Аманжолов.

Сөздің түбін түсірген, аталы да, баталы да өсиет қалдырған Майқы бидің ұрпақтары бас қосқан жиынның бұл жолғы ерекшелігі – Британ Парламенттік форматта өтуі. Ол әлемдік форматтардың бірі болып саналады. Сонымен қатар қатысушылар өздеріне берілетін тақырыптарды турнирдің басталуына 15 минут қалған кезде біледі.

«Бұл формат бойынша 4 команда өнер көрсетеді. Бір мәселенің төңірегінде бірнеше шешу жолдары ұсынылып, көкейкесті тақырыптардың түйіні тарқатылады. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл турнирге қатысушы құрамалардың саны екі есе артты, өткен жылы 5 құрама қатысса осы жолы 8 топ бақ сынасты», — дейді турнирді ұйымдастырушы Бақытжан Тұрсынов.

Пікірсайыс нәтижесінде бас жүлде, СҚО әкімінің кубогы және 50 мың теңге көлемінде сыйақыны Астана қаласынан келген «Ай-Moon» құрамасы қаңжығасына байласа, екінші орынға семейліктер табан тіреді. Үшінші орынды елордалық «Хан мен Уәзір» құрамалсы жеңіп алды. Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан құралған «Император» командасы төртінші орынды иеленді.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ