Петропавлда белсенді Азамат Байкенов он күнге қамалды

0

Петропавл соты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыпталған белсенді Азамат Байкеновті 10 күнге қамады. 16 желтоқсанда шыққан сот қаулысында белсендінің «қалада жергілікті атқару органынан рұқсат сұрамай, заңсыз жиын ұйымдастырғаны, Youtube арнасында «Оянатын күн келді, оян қазақ» атты видеоролик жариялап, тұрғындарды митингіге шақырғаны» жазылған. Сот қаулысында белсендінің өзіне тағылған айыпты мойындамағаны жазылған. Оған Әкімшілік кодекстің 488-бап 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Істі судья Оразамбетова қараған.

17 желтоқсанда Facebook-тағы #IHaveAChoiсeActivistsNotExtremists тобында Байкеновтің әйелінің соққыға жығылғаны, оның туыстарына қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат шыққан. 18 желтоқсанда Азаттықтың Петропавлдағы тілшісі Азамат Байкеновтің үйіне барып, мән-жайды білмек болған еді. Алайда Азамат Байкеновтің әйелі Мадина Байкенова «ешкімге сенбейміз, қорқамыз» деп айтып, бүгін кешке мәлімдеме жасайтынын жеткізді. Ол нақты қандай мәлімдеме жасайтынын айтқан жоқ.

Бұған дейін Facebook-тағы топта «әлеуметтік араздық қоздыру» бабы бойынша Байкеновтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы да ақпарат шыққан. Петропавл соты бұл ақпаратты растамады. Полиция жауап бермеді.

Желтоқсанның 16-ы күні Қазақстанның бірнеше қаласында 1986 жылғы Желтоқсан мен 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасын еске алуға жиналғандар билікке саяси талаптар қойды. Алматы мен Нұр-Сұлтанда полиция ескел алу шарасынан кейін көшемен жүріп өтпек болған наразыларды жаппай ұстап, автобусқа күштеп салып, алып кеткен. ІІМ сол күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында «рұқсат етілмеген шеру өткізбек болған» 55 адамның ұсталғанын хабарлады.

Алайда құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді. Мысалы, құқық қорғаушы Ерлан Қалиев тек Нұр-Сұлтанның өзінде кемінде елу шақты адамды арнайы жасақ мәжбүрлеп алып кеткенін көзімен көргенін айтқан. Кейбір құқық қорғаушылар полициядан ұсталғандар жайлы ақпарат ала алмай отырғанына шағымданған.

Azattyq