Павлодарда заңсыз көмір сататын 10 шақты орын анықталды

0
18 Қараша 2018, 10:24 169 0

Фото: finance.rambler.ru

Астана, BAQ.KZ. Облыс орталығында рұқсатсыз кәсіпкерлікпен айналысқан және белгіленбеген орында көмір сатқандарға ескерту жасалуда. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Қала әкімінің орынбасары Аян Бейсекин көмір бағасын тұрақтандыру үшін арнайы топ жұмыс жасап жатқанын атап өтті.

«Көмірді заңсыз сатушыларды анықтау бойынша арнайы топ жұмыс жасауда. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысушылар рұқсат етілмеген жерлерде сатумен қатар, бағаларды қымбаттатуда. Қазіргі уақытта арнайы топ қаланы аралауда. Топта қоғамдық ұйымдар, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Топтың негізгі тапсырмасы – заң нормаларын түсіндіру. Жергілікті полиция қызметі және мемлекеттік кіріс органдары әкімшілік айыппұл салуға құқығы бар. Жалпы, қаламызға көмір тұрақты жеткізілуде. Жағдай бақылауда», — деді Аян Бейсекин.

Көмір сатумен айналысатын арнайы рұқсаты бар «Элит KZ» ЖШС директоры Дастан Даулетбаев сатып алушылардың азайғанын айтады.

«Базамызда көмір қоры жеткілікті. Майкөбенің тоннасы — 12 мың теңге, қарағандылық Шұбаркөл – 17 мың теңге болса, Қаражыра – 13 мың теңгеден. Қыркүйек пен қазан айында келушілер көбейеді. Бүгінде ұзын-сонар кезек жоқ. Қазіргі уақытта күніне 20-30 машина келеді. Былтыр осы уақыттарда күніне 60-70 машина келетін. Не себепті азайып қалғанын білмейміз», — деді Дастан Дәлетбаев.

Арнайы топтың бүгінгі жұмысы бойынша Суворов көшесінде рұқсатсыз көмір сататын 3 көлік анықталды.

«Рейдтік шара барысында Суворов көшесінде рұқсатсыз көмір сатып тұрған 3 көлік анықталды. Мұндай жағдай ҚР Әкімшілік кодексінің 204-бабы бойынша рұқсат етілмеген жерде сауда жасау болып қарастырылады. Бірінші ретке ескерту бердік. Екінші рет ұсталған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады», — деді Павлодар қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция майоры Мұрат Козкин.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ