Павлодарда сынып жөндейміз деп ақша жинаған ата-аналардың басы дауға қалды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Ақша жинауға қарсы болып, оның заңға қайшы екенін алға тартқан. Тіпті жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне шағым түсірген

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Павлодарлық ата-аналардың Whatsapp желісі арқылы сынып бөлмесін жөндеу жұмыстарына ақша жинау туралы көтерген әңгімелері әшкереленіп, іске құзырлы орган қызметкерлері араласты, деп хабарлайды Аstanatv.kz.

Қаладағы №9 гимназияда екі бірдей баласы оқитын Вячеслав Литовчинко оқу жылы аяқталысымен 3 мың теңге тапсыруымды талап еткенін айтады. 

«Біз мүлдем ақша тапсырмадық. Олар бізге 1 жыл бойы біздің есебімізден оқып, енді ақша тапсырғыларың келмейді. Ұяттарың жоқ – деп қоқан-лоққы жасады. Мен бұның заңсыз екенін айтып, құзырлы органдарға шағымданатынымды жеткіздім. Содан кейін олар мені топтан шығырып жіберді», – дейді ол.

Ақша тапсырмадың деп жеккөрінішті болған Литовчинко енді балаларын басқа мектепке ауыстыруды ұйғарып отыр. Өйткені, бұл бірінші жағдай емес, бұған дейін де сыныпқа қажетті құралдар алу керек деп ата-аналар ақша жинағанын алға тартады.

Ал ата-аналар комитеті жөндеу жұмыстарына мүлдем ақша жинамағандарын айтып ақталған. 

«Мен бұл мәселені мүлдем түсінбедім. Бізде жөндеу жұмыстарына ақша жинау деген болған емес. Ешкім ешкімнен ақша талап етпеді.  Бұл іске мектептің де, мұғалімнің де еш қатысы жоқ», – дейді ата-аналар комитетінің мүшесі Анжела Велюценко.

Мектеп басшылығы да мұндай бұйрық болмағанын жеткізді. Whatsapp  желісіндегі ата-аналардың тобынан хабарсыз екендерін де айтады. 

«Біздегі басты проблема ата-аналардың мектеп чатынан бөлек жеке чат ашып алғанында болып тұр. Өйткені онда мектептен не мұғалім, не әкімшілік өкілдері кірмейді. Тек ата-аналар өздері ғана отырады екен. Онда біз не болып жатқаны білмейміз. Өйткені, бізді қоспаған. Сондықтан, біз ештеңе білмедік», – деп мәлімдейді мектеп диреткоры Светлана Завальная.

Мәселеге жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері араласқан. Құзырлы мамандар оқу ордасының ата-аналар комитетімен кездесіп, ақша жинау заңсыз екенін тағы бір ескертті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ардақ Балғожин ата-аналар бұлай ақша жинауды жемқорлық деп ойламауы да мүмкін. Бірақ, бұл тұрмыстық жемқорлыққа жататынын ескертеді.

«Сондықтан, бұл жемқорлықтың басы. Яғни, әр нәрсе кішкентайынан басталатыны секілді қазірден балаларға мәселені ақшамен шешуге болады деген түсінік қалыптастырып алуымыз мүмкін. Сондықтан, әр ата-ана бұның жемқорлық екенін түсінуі керек», – дейді ол.

Мектеп басшылығы да алдағы уақытта ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап қойған.

Оқи отырыңыз: Шымкент мектептерінде ақша жинау үшін терминал орнатылмақ

Дейтұрғанмен жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тексеру жұмыстарын бастап кетті. Олар ата-аналардан заңсыз ақша жинаған тұлғаны анықтап, оны жауапгершілікке тартпақшы.



sputniknews.kz