Павлодарда мемлекеттік қызметші мен бас дәрігер төбелесіп қалды

0
Оқиғалар

Қысқа сілтеме алу

21 0 0

Ер адамдар жиналыстан кейін мемлекеттік мекемеде жаға жыртысқан

ПАВЛОДАР, 14 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау және алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімінің бас маманы міндетін атқарушы Нариман Шахмарданов пен №3 қалалық аурухананың бас дәрігері Марлен Ахметов төбелесіп қалды.

Ер адамдар аппараттық жиналыстан кейін жаға жыртысқан, алайда оқиғаға куә болған ешкім жоқ – өзге әріптестері ол кезде кабинеттен шығып кетсе керек, бөлмеде бақылау камералары орнатылмаған.

Расталмаған дерек бойынша, Шахмардановқа үшінші ауруханада жатқан туысына кіріп шығуға рұқсат берілмеуіне байланысты жанжал туындаған сияқты. Ол ауруханаға науқастармен кездесуден тыс уақытта барған, ал күзетшілер мемлекеттік қызметшіні танымапты.

Ведомство басшысы міндетін атқарушы Роза Жүсіпованың айтуынша, қазір екеуі де ауруханада жатыр. Шахмардановтың миы шайқалып, бірінші қалалық ауруханаға жеткізілген, ал оның қарсыласы қатты зардап шегіпті. Марлен Ахметов көзілдірік тағатын, төбелес кезінде сынып қалғандықтан, ер адамға Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада ота жасалған екен.

«Денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қабағын әйнек жырып кетіпті, соны тіктіртті, көзіне зақым келген жоқ», — деп түсіндірді Роза Жүсіпова.

Әріптестері екі қызметкерді де сабырлы әрі салмақты деп біледі. Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдегендей, бұл мемлекеттік қызметшіге де, бас дәрігерге де жат қылық, қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, соның нәтижесінде екеуіне қатысты құқықтық баға беріледі.

Павлодар облысы полиция департаменті бұл жайтқа қатысты әлі ешқандай мәлімет берген жоқ, бірақ құқық қорғау органы қызметкерлері оқиға орнында болып, бақылау камераларындағы жазбаны көріп, алып кетіпті.

Төбелескен тұлғалардың полицияға арыз бергені туралы ресми хабар таратылмады. Алайда қазір демалыста жүрген денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев тілшілерге айтқандай, ер азаматтар бір-біріне реніш сақтамайды.

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз