Павлодарда бюджеттен 405 миллион теңге ұрлау: «Өзара келіскен»

0

Павлодар облысының прокуратурасы «Павлодар қаласының сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту және сенімді басқару» мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасын іске асыру кезінде екі жеке меншік ЖШС директорларының 405 миллион теңге сомасындағы бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аймақ прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, прокурорлар сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Оның барысында серіктестердің жарықтандыру жүйесін белгілі бір жұмыс түрлерін нақты орындамай пайдалануға бергені анықталды (шамдарда бақылаушылар жоқ, сыртқы жарықтандыруды басқару шкафтары жеткізілмеген).  Іс бойынша барлық қажетті тергеу-жедел іс — шаралар жүргізілді, жеке меншік серіктестердің — «Altocom Asia» ЖШС және «А3 Коммерц» ЖШС директорларының кінәсі толық дәлелденді, сот-құрылыс сараптамасымен 405 миллион теңге мөлшерінде залал сомасы белгіленді.

Облыс прокуратурасы осы заңды тұлғалардың директорларымен  кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процессуалдық келісім жасасып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сот үкімімен жоғарыда аталған адамдар кінәлі деп танылып, оларға 3 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды (шартты түрде). Қазіргі уақытта жеке меншік фирмалар жеткіліксіз жабдықты орнату арқылы орын алған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауда.