Павлодар білім басқармасының басшысы өз әрекетін түсіндірді

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

Облыстық білім басқармасының басшылығы балаларды қолдау орталығына бейнебақылау камераларын орнатуды тапсырған

НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Павлодар облысының прокуратурасы облыстық балаларды қолдау орталығындағы тәрбиеленушілердің конституциялық құқы бұзылғанын анықтады. Мұндай дерек «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында балалар құқығын қорғау жөніндегі топтың қатысуымен өткен отырыста айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Облыстық қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының жетекшісі орталық тәрбиеленушілерін бейнекамералар арқылы бақылап отырған. Тіпті, камералар әжетхана мен қыздарға арналған жуыну бөлмелеріне орнатылып, ол жерлерде не болып жатқаны басшылықтың кабинетіндегі үлкен экран арқылы бақыланған», – деп мәлімдеді Павлодар облысы прокуратурасының басшысы Асхат Қоқымбаев.

Мекемеде 18 жасқа дейінгі қыздар да болғандықтан, прокуратура өкілдері орталық басшылығы мұндай әрекетімен балалар құқықтарын өрескел бұзды деп санайды.

Ал тексеру нәтижесінде, Павлодар облысы білім басқармасы басшылығының тікелей тапсырмасымен білім беру ұйымдарында бейнекамералар орнатылғаны анықталды.

Бұл туралы аймақтағы білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы өзінің Instagram парақшасында жазба жариялап, мұны өз әрекетінің ресми түсіндірмесі ретінде қарауды сұрады.

Оның айтуынша, жабық мекемелер жүйесінің және оларда орналасқан контингенттің оқшаулануы әсерінен, қолдау көрсету орталығына келгенге дейін балалар көптеген қиындықтарды бастан өткереді.

«Қазақстандағы балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің көрген қорлығы, соның ішінде сексуалдық зорлық-зомбылық фактілерінен жаның түршігеді. Сондықтан да мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға барлық жабық мекемелерде камералар орнату мәселесін ұсындым. Тіпті, жуыну бөлмелері мен әжетхана және жатын бөлмелерінің де бақылауда болғанын қаладым. Өйткені өзге аймақтардағы балаларға қарсы қылмыстар мен зорлық-зомбылықтар көп жағдайда сондай жерлерде жасалған. Анығында қылмыскер камераларды көргенде райынан қайтып, өз әрекетінен аяқ тартады емес пе? Осылайша, мен балаларды қорғағым келді», – дейді Павлодар облысы білім басқармасының басшысы.

Оқи отырыңыз: Атырауда бейнебақылау камерасына түсіп қалған видео жылдам таралып жатыр

Прокурорлар тексеруінен кейін бақылау камералары алынып тасталды. Бірақ Дінислам Болатханұлы өз ұстанымында қалатынын мәлімдеді.



sputniknews.kz