«Пайдаға емес, сауапқа кенелейік»: Бас мүфти Құрбан айт қарсаңында мал бағасын қымбаттатпауға шақырды (видео) — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазақстандықтарды құттықтай келе, Құрбан айт қарсаңында мал бағасын шарықтатпауға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

бас мүфти

Сурет: ҚМДБ сайтынан

Бас мүфти отандастарды қасиетті мерекеде пайдаға емес, сауапқа бөленуге шақырды. 

«Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ пен Алланың амандығын тілеймін! Көрші мен дос-шаранға, туыс пен бауырға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беру – ертеден келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын», — Серік қажы Ораз. 

Сондай-ақ, ол Құрбан айт мерекесі кезінде құрбандық шалу арқылы мұсылмандардың Аллаға жақындай түсетінін айтты. Айт мерекесінде жағдайы бар кісілердің құрбандық шалып, оны қарауы жоқ қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып сауап жинау – ізгі іс екенін айтты. 

«Бірақ айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдайлар жиі кездеседі. Осы орайда, отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылық мерекесі», — деді төраға. 

Сөз соңында ол қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-әжелер мен бауырлардың ниетінің қабыл болуына тілектестігін білдірді. 

stan.kz