Озмительдің ерлігі — қарапайым мұғалім Кеңес Одағының Батыры атағын қалай алды?

0

1944 жылы Минск облысында небәрі 25 жасында ерлікпен қаза тапты. Оның өмірі мен майдандағы жетістіктері туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Жас ұстаз бірден көзге түсті 

Федор Озмитель 1918 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Линовицкое ауылында дүниеге келген. Сегізінші сыныптан кейін Орынбордағы педагогикалық училищеге түсті. Оны тәмамдап, бірден ұстаздық жұмысына кіріскен. 

Озмитель туған ауылында сабақ берді. Сол жерде жан жары – Александраны да кездестірді. Ал 1939 жылы Нина есімді қызы дүниеге келді.


©
Photo : Белорусский госмузей истории Великой Отечественной войны

Кеңес Одағының Батыры Федор Озмитель

Бір жылдан кейін 22 жастағы Федор армия қатарына шақырылды. Оны шекара қызметіне жіберді. Мерзімді әскери қызметте Озмитель бірден көзге түсті, бәрін тез ұғатын. Содан Қазақ шекара округының басшылығы оны Ленинград қаласындағы Ішкі істер халықтық комиссариатының әскери училищесіне жіберу туралы шешім қабылдайды. Бірақ, көп ұзамай, Ұлы Отан соғысы басталып кетті.

Фашистің тылына аттанды 

Соғыс кезінде Федор Озмитель алдымен халық жасағының екінші дивизиясымен бірге Ленинградтың солтүстік жағында болды. Одан кейін оны Мәскеуді қорғауға жіберді. Алайда бірнеше айдың ішінде кері қайтарды. Озмитель Ішкі істер халықтық комиссариаттың арнайы мақсаттағы мотоатқыштар бригадасына ауыстырылды. 

1941 жылы 7 қарашада осы жасақтың сарбаздары Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысты. Сол кезде Озмитель арнайы мақсаттағы мотоатқыштар бригадасының 5-ші ротасын бастап шыққан. 

КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орталық мұрағатында сақталған анықтамаға сәйкес, 1942 жылы ақпан айында Озмитель өз еркімен неміс-фашист әскерінің тыл жағына аттанды. Сол жерде қыркүйек айына дейін жауынгерлік топтың командирі ретінде арнайы тапсырмаларды орындап жүрді. Ал 1943 жылы «Грозный» атты партизандар жасағының командирі болып, жаудың тылына екінші рет жіберілді.

2 мың фашистің көзін жойды 

Озмитель жаудың тылында партизандық қозғалысты ұйымдастырды, фашистерге күтпеген жерден шабуылдар жасады. Сондай-ақ, Жоғағы бас қолбасшысының жеке тапсырмаларын орындады.


©
Photo : предоставлено Федором Смольяниновым

Федор Озмитель жерленген бауырластар зираты, Минск облысы, Борисов ауданы, Маковье ауылы

Бір ретте лейтенант Озмитель шаңғымен 40 шақырым  жүріп, партизандармен бірге «Витебск – Орша — Смоленск» теміржол торабында орнығып алады. Оның жасағы жауды торуылдап жүріп, он екі айдың ішінде 20-дан астам қойманы және 45 көлікті жарып жіберді. 2 мыңнан астам фашистің көзін жойды.

Маңызды тапсырма орындалды  

Майдандағы жетістіктері үшін Озмительге қысқа мерзімді демалыс берді. Ал қызметке қайта шыққаннан кейін «Гром» атты жаңа арнайы мақсаттағы партизандар жасағының басшылығына қойды. Сөйтіп, қайтадан жаудың тылына жіберді. Осы жолы Федордың жасағы Минск облысына аттанды.

Сарбаздар орналасатын жеріне ойдағыдай жеткеннен кейін жоғарыдан аса маңызды әрі ауыр тапсырма түсті. Партизандар тұтқынға түскен неміс офицері Курт Вайнерді алып келуі тиіс. Ол фашистердің Курск пен Орел қалаларына шабуыл жасайтыны жайында білген. Тұтқынды аман-есен жеткізу үшін майдан шебі арқылы өту керек. 

Озмитель осы тапсырманы да сәтті орындап, неміс офицерін Мәскеуге жеткізді.

Ерлікпен қаза болды 

1944 жылы Кеңес армиясы оккупацияға түскен Беларусьті азат етуге дайындалып жатқан. Дәл сол кезде партизандар Минск облысындағы Паблик көлінің жанында фашистердің қоршауына түсті. Бірақ олар жаудың шебін үш жерден бұзуға бел буды.

«Гром» жасағы негізгі соққыны өзіне алды. Сол кезде сарбаздардың біраз бөлігі қоршаудан шығып үлгерді. Алайда Озмитель қалды. Ол нағыз командир ретінде қоршаудан соңғы болып шығуға шешім қабылдады. Барлық партизанның аман-есен шыққанын қалады. Бірақ өзі жараланды. Пулеметтің оғы оның екі аяғына тиді. 

Сонда да Федор қайтқан жоқ. Жерде жатқан пулеметті алып, соңына дейін атысты. Ақырында оғы бітіп қалды. Ал қоршауға түскеннен кейін немістердің жақындағанын күтті. Жау жақындап қалғанда бірнеше гранатаны жарып жіберді. Сөйтіп, өзімен бірге бірнеше фашистті алып кетті.

Федор Озмительді Борисов ауданының Маковье ауылындағы бауырластар зиратында жерледі. 600 сарбаз жатқан жерде партизанның ескерткіші де бар. Ал тақтада барлық сарбаздардың аты-жөні қашалып жазылған. Монументте екі-ақ фотосурет бар. Біреуі – ерлікпен қаза тапқан Федор Озмительдің суреті.   

1944 жылы 5 қарашада КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының қаулысына сәйкес, жаудың тылында неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін Федор Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Жеңіске жететінімізге сенімді болған 

Федор Озмительдің жалғыз қызы Нина әкесі қайтыс болғанда бес-ақ жаста болған. Ол барлық фотоальбом мен мұрағат құжатын сақтап жүр.

«Әкемнің жанұясы кедей болған. Отбасы мүшелері көп оқымаған. Бірақ менің әкем оқуға зейін қойды. Сегізінші сыныптан кейін оның сынып жетекшісі келіп, ата-анасынан баласын Орынбор педагогикалық училищесіне жіберуді жылап тұрып сұраған», — дейді Нина Федоровна. 

Федор Озмитель алғашқы әскери тапсырмасын сәтті орындағаннан кейін он күндік демалыс алған. Сол кезде әйелін алып, туған жеріне барды. Жерлестерімен кездесті. Қызыл армияның жеңіске жететінін айтқан. Ал ауылдан кетіп бара жатқанда балалар оның артынан қалмай, екі шақырым  жүгіріп, шығарып салған екен.

Федордың жұбайы – Александра Гавриловна күйеуі қайтыс болғаннан кейін ұзақ уақыт қайғырды, екінші рет тұрмысқа шықпады. Ал Нина Федоровна өмір бойы Қазақстанда тұрған. Антонина және Владимир деген екі баласы бар. Зейнеткерлікке дейін «Ақтөбехимпласт» зауытында жұмыс істеді.

Батырдың ұрпағы

Нина Федоровнаның төрт немересі және екі шөбересі бар. Шөбересінің тұңғышына қаһарман атасының есімін берген. Федор Смольянинов – Ресейде танымал театр және кино актер. Анасы екеуі Санкт-Петербург қаласында тұрады. 


©
Photo : предоставлено Федором Смольяниновым

Федор Смольянинов – Ресейде танымал театр және кино актер

Федор бірден өнер жолына түспеген. Алдымен ұшқыштар мектебінде оқыды. Сосын әртістік өнерге қызығып, театрлық жоғары оқу орнына түсті. Бас кезінде атасы туралы деректі фильм түсіруді жоспарлаған. Бірақ артынан ол идеядан бас тартты. 

«Мен батыр атамның рөлін сомдауды ойладым. Сценарий жазу ойымда болды. Сосын сериал түсіруді де жоспарладым. Бірақ артынан ол идеядан бас тартуға шешім қабылдадым. Себебі бүгінде соғыс туралы өте көп фильм түсірілген. Соғыс – бұл жантүршігерлік нәрсе, оны халықтың есіне қайта-қайта еске салған қажет емес деп ойлаймын», — деді Смольянинов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

Батырдың есімі ұмытылған жоқ

Федор Озмитель Ленин орденімен және II дәрежелі Отан соғысы орденімен де марапатталған. Мәртөк ауданының Шевченко кеңшарында жұмыс істеген мектепке батырдың аты берілді. Мектептің алдына Федор Озмительдің бюстын орнатты.

Бұдан бөлек, Мәртөк кентінде орталық көшелердің біріне Федор Озмительдің аты берілді. 1998 жылы 13 тамызда Озмительдің туғанына 90 жыл толуына орай сол көшеде мемориалды татқа орнатылды.



sputniknews.kz