Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры 10 жылға сотталды

0

Ташкент соты Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Кадыровты 10 жылға түрмеге кесті. Бұл туралы Озодлик – Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады. Сот Кадыровты жемқорлық бабымен кінәлі деп танқан. Отставкадан соң 67 жастағы шенеунік Конституциялық сот қызметін атқарып жүр еді.

Экс-прокурор 2018 жылдың ақпанында ұсталған. Қамауға алынбас бұрын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев прокуратура қызметкерлерін «ең үлкен ұрылар» және «қоқыс» деп атаған. Ешкімнің атын атамастан Мирзияев «Бұған Кадыров жауапты» деп еді.

26 маусымда Ташкент соты бұдан бөлек арнаулы қызмет пен прокуратураның, салық инспекциясының 11 қызметкеріне үкім шығарды. Өзбек қызметінің жазуынша, сотқа тартылғандардың бірі, бұрын Ташкент прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарып, Өзбекстан прокуратурасындағы ең ықпалды адамдардың бірі саналған Мираглам Мирзаев шартпен сотталып, сот залынан босатылған.

Кадыров қамауға алынған соң одан кейін бас прокурор қызметін атқарған тағы екі шенеунік жауапқа тартылды. 2019 жылдың ақпанында Өзбекстан Бас прокуратурасын 2015-2018 жылдары басқарған Ихтиёр Абдуллаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қамауға алынбай тұрып Абдуллаев Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің басшысы еді.

Биыл маусымда 2018 жылдың 31 қаңтарынан 2019 жылдың маусымына дейін Өзбекстанның бас прокуроры болған Отабек Муродов қамауға алынды. 25 маусымда Муродовтың барлық дәреже мен мемлекеттік атағынан айырылғаны белгілі болды.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз