«Өз балаларын пышақтап тастаған»: Қостанайлық келіншек жасаған қылмысынан кейін өзіне қол салмақшы болған — Қазақстан жаңалықтары

0

Қостанай қаласының жиырма алты жастағы тұрғыны өзінің балаларын пышақтап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі alau.kz порталына сілтеме жасап.

    Қазір ол жансақтау бөлімінде, дәрігерлер оның өмірі үшін күресуде.  

Қорқынышты оқиға 15 сәуір, сәрсенбі күні орын алды. Полицияға хабар түнгі сағат бірде келді.

«Әйел үш жасар қызы мен бір жас және тоғыз ай болған ұлына пышақпен жарақат келтірген. Осыдан кейін ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Күдікті уақытша бейімдеу орталығында тұрған, жұмысы жоқ, бұрын-соңды қылмыстық жауапқа тартылмаған», — деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жедел жәрдем анасы мен балаларын шұғыл түрде ауруханаға жеткізді.

«Қазіргі уақытта күдікті облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық, олар облыстық балалар ауруханасында емделуде», — деп толықтырды облыстық полиция департаментінде.

Қазір полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 99-бабы — «Адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

Сондай-ақ полиция ҚР ҚК 105-бабы «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жалғасуда.

stan.kz