Өскемендегі ШҚМУ-да биыл 17 мамандық ашылды

0

Аудан-ауылдарға ерінбей барып, оқушылармен кездесіп, кәсіптік бағдар жұмысын белсенді жүргізген жоғары оқу орындарының бірі — Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті. Білім ордасының ректоры, профессор Мұхтар Төлегеннің өзі бастаған, факультет декандары, кафедра меңгерушілері қостаған университет қызметкерлері биылғы қаңтар, сәуір-мамыр айларында облыстың 11 ауданы мен 1 қаласында болып, оқушылармен кездесіп қайтыпты. «Біз арнайы маршрут жасадық. Кездесулерде бұрынғыдай бір профессорды апарып, екі сағат сөйлеткен жоқпыз. Сол ауданның, ауылдың мектептерін бітірген студенттерді өзімізбен бірге ерте бардық. Осы жұмыстардың нәтижесі деуге болатын шығар, биыл қырыққа жуық спорт шеберлері, Әлем, Азия чемпиондары, 39 «Алтын белгі», 40 үздік аттестат иегерлері біздің университетке оқуға түсті. Оқу орнында қоғамның сұранысына ие 17 жаңа мамандық ашылды. Университет тарихында алғаш рет интеграцияланған математика-физика,  математика-информатика,  физика-информатика, химия-биология, география-тарих мамандықтарына талапкерлер қабылданды. Ерекше атап өтер дүние, жыл сайын 1 курсқа қабылданатын талапкерлер мың-мың жарымнан аспайтын болса, биыл 2600-ден асты», — деген оқу орнының ректоры М.Төлеген биыл грант иегерлерінің саны артып, 814-ке (2017 жылы — 606) жеткенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар 2018 жылдың сәуір айында университет ректорының бастауымен Түркістан, Қызылорда облыстарының барлық аудан мектептерінде «Университет күндері» өткізіліп, 12 студенттен тұратын дарынды, талапты жастар концерттік шара ұйымдастырыпты. Осы сапар аясында Түркістан облысы әкімдігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылыпты. Жалпы, 2017-2018 оқу жылында кәсіптік бағдар жұмысын жүргізу мақсатында ұзын саны 1241 іссапар ұйымдастырылған екен.

Реті келгенде айта кетейік, бүгінгі таңда оқу орнында 6453 студент білім алып жатыр. Оның – 5498-сі бакалавриат, 345-і — магистрант, 18-і — докторанттар, қалғаны колледжде білім алушылар.  

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы