Орталық Азия қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді?

0

Орталық Азия қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді?

Кеңестер одағы құлағалы бері Орталық Азиядағы бес мемлекет өз бетінше экономикасын құрып, сыртқы және ішкі саясаттағы ұстанымдары мен көзқарастарын айқындап үлгерді. Бірақ осы уақытқа дейін Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесі толықтай шешілді деп айта алмаймыз. Сол себепті де аймақтағы бес мемлекеттің бесеуі де әскери қорғаныс саласында әлемдік державалардың көмегіне мұқтаж.

Қазіргі уақытта аймақ тыныштығын бұзуы мүмкін ең басты қауіп Ауғанстандағы тұрақсыздық. Соңғы екі-үш жылда Сүрия мен Иракта жеңіліс тапқан «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы дәл осы Ауғанстан аумағында өз позицияларын күшейтуде. Бұл жөнінде халықаралық және аймақтық БАҚ өкілдері сан мәрте жазды, сызды, айтты.

Орталық Азиядағы бес мемлекеттің ішінде Ауғанстанмен Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан шектеседі. Осылардың ішінде өзінің әскери қуаты жағынан ең әлсізі Тәжікстан. Ресми Душанбе өз бетінше саяси-экономикалық саясат ұстанғанымен, қорғаныс саласында Ресейге тәуелді. Қазіргі таңда ел аумағында РФ Қарулы күштерінің 201 мотоатқыштар дивизиясы орналасқан. Аталмыш дивизияның негізгі міндеті – Ресей Федерациясының Орталық Азиядағы ұлттық мүдделері мен Тәжікстан Республикасындағы заңды билік құрылымын қорғау.

Ресми Мәскеуден бөлек соңғы уақыттары Орталық Азиядағы қауіпсіздік бағыты бойынша Қытай билігі де белсенді жұмыс істеуде. Атап айтқанда, 2017 жылы ресми Бейжің Ауғанстанмен арадағы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ел аумағына 4 мың сарбазын кіргізді. Бұдан бөлек былтыр БАҚ беттерінде «Қытай Тәжікстанның Ауғанстанмен арадағы шекаралық аудандарына 3 әскери комиссариат, 4 әскери бөлімше, 4 штаб пәтер және әскери оқу-жаттығу базасын салмақ» – деген ақпарат тараған. Әрине, Қытай бұның барлығын аймақ халқына немесе атқарушы билігіне жаны ашығаннан істеп отырмағаны белгілі. Ресми Бейжің үшін Орталық Азия елдері бірінші кезекте шикізат көзі. Қытайға «Бір белдеу –Бір жол» жобасын жүзеге асыру үшін Орталық Азия шикізаты ауадай қажет. Ал ол шикізаттың ел нарығына тоқтаусыз түсіп тұруы үшін аймақ тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуден басқа амал жоқ.

Ресей және Қытаймен қатар Орталық Азиядағы үшінші ойыншы ол АҚШ. Ресми Уашингтонның осы уақытқа дейін Өзбекстан мен Қырғызстанда әскери базалары болды. Бірақ олардың ғұмыры ұзаққа бармады. 2005 жылы Әндіжанда болған қанды қырғынан кейін сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов АҚШ әскерін ел аумағынан шығарды. 2014 жылы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев АҚШ пен НАТО елдерінің иелігіндегі «Манас» әуежайын жапты. Бірақ Уашингтонның Орталық Азиядағы жұмысы бұнымен тоқтап қалған жоқ. Қазіргі таңда АҚШ Ауғанстан аумағындағы әскери контингентіне қажетті азық-түлік пен күнделікті өмірге қажетті заттарын Қазақстан мен Өзбекстан арқылы тасымалдауда.

Жалпы, кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін әскери одақтардың немесе үшінші бір елдердің қамтамасыз етуі мүмкін емес. Сол сияқты Орталық Азия соның ішінде Қазақстанның территориялық тұтастығы мен Тәуелсіздігін Қытай, Ресей, АҚШ немесе Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты бітпейтін халықаралық блоктар мен одақтар қорғамайды. Ел мен аймақ қауіпсіздігін халық пен билік арасындағы сенімділік, күшті армия (саны аз болса да), сапалы адам капиталы, тамыры тереңнен бастау алатын ұлттық идеология қамтамасыз етеді. Бұлай дейтін себебіміз, қазіргі таңда әлемде халықаралық келісімдер дағдарысы жүріп жатыр. Естеріңізде болса, 90-шы жылдардың басында  ресми Астана мен Киев атом бомбасынан бас тартқанда АҚШ пен Ресей сияқты алпауыттар  Қазақстан мен Украинаның Тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына кепіл болып, арнайы құжатқа қол қойған. Бірақ арада 30 жыл өтпей кепілдік бергендердің өздері келісімді бұзды. 2014 жылы Ресей Украинадан Қырымды тартып алып, аннексиялады…

«The Qazaq Times»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз