Ораза айтта сыйлық беріп, қуанышқа бөлеу – сауапты іс

0

Бас мүфти діни басқармасының төтенше жағдай кезінде қабылдаған шешіміне түсіністік танытып, оразаны оқшау түрде өткізіп, үйде құлшылық жасаған жамағатқа алғысын білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылман жамағатын Ораза айттың келуімен құттықтады. 

«Алла Тағала отыз күн бойы ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей! «Айт» сөзі «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу», «қарымта» деген мағынаны білдіреді. Жаратушы Жаббар Иеміз: «…Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» деп сүйінші хабар жеткізген», — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні сыйлық беріп, қуанышқа бөлеу – сауапты іс. Көмекке мұқтаж адамға қайырымдылық жасау да сауабы мол амалдың бірі. 

Бас мүфти биыл қасиетті Рамазан айы карантин жағдайында өткенін еске салды. Айтуынша, бұл жағдай сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді.

«Мешіт тарапынан көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасалды. Ауызашар асы тегін таратылды. Мақтаарал ауданындағы жерлестерімізге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсеттік. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын! «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деп халқымыз айтқандай, ізгі амалдың сауабы еселініп, қайырын өздеріңіз көріңіздер деп тілеймін», — деді діни басқарма төрағасы. 

Наурызбай қажы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төтенше жағдай кезінде қабылдаған шешіміне түсіністік танытып, оразаны оқшау түрде өткізіп, үйде құлшылық жасаған жамағатқа алғысын білдірді.  

«Ораза айт мерекесі құтты болсын! Раббымыз дұға-тілегімізді, қасиетті айда жасаған қайырлы амалымызды, берген зекет пен пітір садақамызды қабыл еткей! Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік. Жер бетінен жұқпалы дерт жойылып, мерекелі, берекелі сәттерде жүздесуді жазғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай», — деген тілегін жеткізді бас мүфти. 

Оқи отырыңыз: ҚМДБ Ораза айтқа арнайы онлайн бағдарлама ұсынады



sputniknews.kz