Оралда «Жаһанша оқулары» өтті

0

Батыс Қазақстан облысы орталығындағы тарихи ғимарат – кезінде Жаhанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, Сабыр Сарғожин сынды Алаш арыстары оқыған Орал әскери реалды училищесінің үйінде бүгінде Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж орналасқан. Колледжге осыдан дәл 20 жыл бұрын Жаһанша есімі берілген болатын. Осы датаға орай колледжге Жаһанша мұрасын зерттеуші ғалымдар жиналып, студенттер мен ұстаздар ұжымы алдында тағылымды шара өтті.

Осы кездесуге ардагер өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Жаhанша Досмұхамедұлы атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының директоры, алаштанушы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменова, тарихшы ұстаз Сайлау Сүлейменов, Жаhаншаның заңгерлік жолын зерттеген ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, заң доценті, бүгінде Теректі ауданының прокуроры болып қызмет етіп жүрген Равиль Мажитов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жаңабек Жақсығалиев пен Самат Құрманәлин, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин, Жымпитыдағы Алаш музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева, Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрлан Меңдешев, Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік кабинет директоры Аягөз Хамзина, осы колледжді 1994-2017 жылдары басқарған ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Мұнайдар Балмолда және басқалары қатысып, Жаһанша Досмұхамедұлының өмірі мен қызметіне, жалпы Алаш қозғалысы тарихына қатысты баяндамаларын ортаға салды.

Жантас Сафуллин Жаһаншаның өмірінің соңғы кезеңінде Мәскеуде тұрған үйдің қалай табылғанын айтып, оған ескерткіш тақта орнату мәселесін көтерсе, Равиль Мәжитов Жаһаншаның ұлттық мемлекеттік құрылым туралы тың дерекке толы баяндама жасады.

Осы күні колледжде «Рухани мұра» кабинеті ашылып, тарих пәнінің оқытушысы Әлия Жүрекенова колледж тарихын ел тарихымен тоғыстыра таныстырып шықты. Айта кету керек, колледждің тарихи ғимараты Алаш рухымен тыныстап тұр десе болғандай. Мұндағы әр кабинет, оқу залдары, тіпті дәліздер мен фойе Алаш арыстарының өмір жолы мен қызметінен хабар беретін көрнекі ақпаратқа толы. 

Шара аясында «Алаш арыстары бейнелеу өнерiнде» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Республикалық «Жыл мұғалiмi-2017» байқауының жеңiмпазы, суретші Нұрлан Хамзиннің шәкірттері Алаш қайраткерлерінің бейнесін қағазға түсіріп, шеберлік көрсетті.

– Колледж иеленіп отырған Жаһанша Досмұхамедұлының есімін жас ұрпақтың есінде қалдыру, елге еткен қызметін насихаттау мақсатында бірнеше шара ойластырған болатынбыз. Жақында «Жаһанша ізімен» атты тарихи экспедицияға шығып келдік. Колледж студенттері мен ұстаздар тобы Алаш көсемінің туған жері – Бұлдырты ауылында, Жымпитыдағы Алаш тарихы музейінде болып, тарихи топырақпен танысты. Міне, «Жаһанша оқулары» өтіп жатыр. Бұл күні колледждегі әр топ Алаш тарихына қатысты шағын қойылымдар қойды. Бірнеше секциядан тұратын «Жаһанша оқулары» кезінде студенттер көптеген тың мәліметке қанықты. Жекелеген демеушілердің көмегімен колледждiң озат, белсендi студенттерiне Жаhанша атындағы атаулы стипендия тағайындалды. Бүгін осы шәкіртақыны алғашқы иелеріне табыстадық, – дейді колледж директоры Светлана Бақышева.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз