Орал соты айыппұл салынған журналист Ахмедияров өтінішін қанағаттандырмады

0

4 шілдеде Орал қалалық апелляциялық сот «полиция қызметкеріне бағынбады» деп айыпталып, 50 500 теңге (шамамен 130 доллар) көлемінде айыппұл салынған «Уральская неделя» басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедьяровтың өтінішін қанағаттандырмады. Журналист соттан бірінші инстанцияда қабылданған шешімнің күшін жойып, «өзін заңсыз ұстаған полиция әрекетіне» баға беруді сұраған еді.

Шағымды қараған судья Әлібек Ахметов Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті басшылығының «әкімшілік материалды толтыру кезінде полиция қызметкерлерінің заңды бұзғаны туралы» жеке қаулы шығарған. Бірақ журналист «құқығын бұзып, оның қатысуынсыз өз бетінше хаттама толтырған» полицейлердің әрекетіне сот заңдық баға бермеді деп санайды.

Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, полиция журналисті ұстаған мезгілден (12 маусым) бірнеше күн өтіп кеткеннін кейін бір-ақ хаттама толтырған. Хаттаманы толтыру процесіне журналистің өзі қатыспаған, құқықтары мен міндеттері түсіндірілмеген және қорғаушымен қамтамасыз етілмеген. Ол өндіріс тілін таңдауға да мүмкіндік берілмегенін айтты.

— Менің ойымша, сот ең маңызды детальды ескермей, тараптардың жарысу принципін бұзды, — дейді Ахмедияров Азаттық тілшісіне.

17 маусымда Орал соты «полицияға бағынбады» деп айыпталған «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияровты кінәлі деп тауып, 50 500 теңге көлемінде айыппұл салған еді. Журналист сотында куәгер ретінде ұстауға араласып, хаттама толтырған полицейлер сұралды. Ахмедияров өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол бұған дейін полицияның күштеп бөлімшеге әкелгенін, хаттама толтырған кезінде заң бұзылғанын айтқан еді.

4 шілдеде апелляциялық отырыстан кейін Лұқпан Ахмедияров жоғарғы сотқа шағым түсіретінін айтты.

Аймақтағы санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі «Уральская неделя» басылымында жұмыс істейтін Лұқпан Ахмедияровқа бірнеше жыл бұрын қастандық жасалған. Оны жергілікті шенеуніктер мен мемлекеттік орган өкілдері бірнеше рет сотқа берген.

Azattyq