Нұр-сұлтандық аналар әкімдік пен полициядан қысым болғанын айтады

0

5 тамызда Нұр-Сұлтанда қырықтан астам ана қала әкімдігіне келіп, баспана мәселесін шешуді талап етті. Олар «Бақытты отбасы» үй алу бағдарламасының шарттарына қарсы шығып, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Күлгіновпен кездесуді талап етті. Жиналғандардың бір тобы табыс деңгейіне байланысты «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй ала алмай жүргендерін, енді бірі барлық құжатты жинаса да, өтініштері қабылданбағанын айтты.

Кейін наразы әйелдерге қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен шығып, оларды ішке шақырды. Әкімдік өкілдері тілшілерді ішке кіргізбеді.

Наразы әйелдер Азаттық тілшісіне мессенжердегі чатта әкімдікке баратындарын талқылаған соң полицей мен әкімдік өкілдері келіп, ескерту жасағанын айтты. Аналардың сөзінше, полицей мен әкімдік қызметкерлері «көшеге шықсаңдар ұстаймыз» деген. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев әйелдердің сөзін жоққа шығарды. Ол Азаттық тілшісіне «ондай болған жоқ» деп қысқа қайырды.

Ал Нұрсұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен «мәселе көшеде шешілмейтінін» айтты. Ол «әкімдік өкілдері аналарға көшеге шықпауды ескерткенін, бірақ ешкімді қорқытпағанын» жеткізді.

Қазақстанда көп балалы аналар, мүгедек баласы бар әйелдер бірнеше айдан бері билікке келіп, баспана және жәрдемақы мәселесін шешуді талап етіп жүр. Әйелдер бұған дейін де бірнеше рет қала әкімдерімен, президентпен кездесуге талпынған. Наразы әйелдерге шыққан шенеуніктер ылғи оларды ішкі шақырып, мәселені журналистерсіз талқылауды ұсынады.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы көбейген. Олар мемлекеттің көп балалы отбасыларға тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.

Сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев аналар наразылығына кейін үкіметті «халықпен жұмыс істей алмағаны үшін» отставкаға жіберген. Кейін Назарбаев президенттіктен кеткенімен Қауіпсіздік кеңесінің және «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр.

Аналардың жаппай наразылығынан соң Қазақстан билігі бірнеше бағдарлама ұсынды. Назарбаевтың орнына келген елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында арнайы заңға қол қойды. Кейін ел үкіметі жеңілдетілген ипотека мен арзан жалдамалы баспана бағдарламасын жасады. Маусымда Тоқаев жағдайы төмен отбасылардың кредиттерін жабу туралы жарлыққа қол қойды. Бірақ көп балалы аналар, жалғызбасты аналар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер билік ұсынған бағдарламаларға құжат тапсырудың шарттары қиын екеніне шағымданады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз