Нұр-Сұлтанда «ұсталғандар» кеңесу үшін құқық қорғаушымен кездесті

0

17 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда «Тәуелсіздік күні ұсталдық» деген бір топ адам заңдық кеңес алу үшін құқық қорғаушы Ерлан Қалиевпен кездесті. Олардың кездесуі қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде өтті.

«Полиция ұстады» деген тұрғындар бұл кездесуді «Атажұрт еріктілері» ұйымының Нұр-Сұлтандағы кеңсесінде өткізбек болған. Олар кеңсеге жинала бастағанда бір адамдар кеңсенің жарығын, тоқтарын тексеретіндерін айтқан. Кейін Пәтер иелері кооперативінің өкілі келіп, кеңсенің иесі келмесе, жиын өткізуге рұқсат бермейтінін айтқан.

Ойын-сауық орталығындағы кездесуге келгендер арасында «16 желтоқсанда ұсталып, 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 50 мың теңге айыппұл алдым» деген Салтанат Барықбаева да болды. Тұрғынның сөзінше, полицейлер оны ұстап, Есіл аудандық полиция басқармасына апарған. Барықбаева бөлімшеде полиция әкелген 20 шақты адамды көрген.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 16 желтоқсанда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында рұқсат етілмеген шеру өткізбек болған деген күдікпен 55 адам ұсталған. Министрліктің мәлімдеуінше, Нұр-Сұлтанда — 32, Алматыда 23 адам «биліктің заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы талаптарын орындамағандықтан» полицияға жеткізілген.

Бірақ құқық қорғаушылар мен белсенділер ұсталғандардың саны ІІМ айтқанынан көп деп санайды.

16 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасынан кейін Ақордаға бет алған ондаған белсендіні жолда полиция ұстады. Арнайы жасақ оларды автобусқа салып, алып кеткен.

Осы күні Алматыда да полиция билікке талап айтқан ондаған белсендіні ұстаған.

Azattyq