Нұр-Сұлтанда мектеп түлектеріне аттестат тапсырылды – видео

0

Биыл карантинге байланысты соңғы қоңырау шарасы онлайн форматта өткен болатын. Дегенмен, мектеп түлектеріне аттестат тапсыру кезінде соңғы қоңырауды соғуға рұқсат берілді

Sputnik Қазақстан тілшісі елордадағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінде болып, түлектерге арналған салтанатты шараны тамашалап қайтты.

Полицейлер тәртіпті бақылайды

3-4 маусымда республика бойынша мектеп түлектеріне аттестат тапсырылады. Министрлік жастарға орта білім туралы алғашқы құжаттарын салтанатты түрде табыстауға рұқсат берді. Алайда карантинге байланысты санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталуы шарт. Біріншіден, аттестат тапсыру рәсімі далада ұйымдастырылды. Екіншіден, көп адам жиналмауы керек, түлектердің арасы да алшақ болуы қажет. Ал ата-ананың тек біреуіне ғана келуге кеңес берілді. Олар да бір-бірінен алшақ тұрды. Әрбір мектепте карантиндік тәртіпті полицейлер бақылайды. Аттестат тапсыру кезінде түлектерге соңғы қоңырауды соғуға рұқсат берілді.

«Биыл мектептегі соңғы қоңырау шарасы ерекше жағдайда өтті. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты министрлік аттестат тапсыру кезінде соңғы қоңырау соғуға рұқсат берді. Салтанатты жиын мектеп ауласында өтуі тиіс. Өйткені, елімізде карантин шаралары әлі де жалғасуда», – деді мектеп директоры Сафура Сейдуәліқызы.

Бес сағатқа созылған соңғы қоңырау

Нұр-Сұлтан қаласының 146 түлегі биыл Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейін бітіріп отыр. Бес сыныпта білім алған оқушылардың аттестат алу салтанаты тура бес сағатқа созылды. Таңғы 10:00-де басталған шара әрбір 30 минуттық үзілістен соң, қайта жалғасып жатты. Осылайша, мәдени шара бағдарламасы бес рет қайталанып, соңғы қоңырау да бес рет соғылды.

«Ұйымдастырып жатқан осы шарамыз жас түлектер үшін ғана емес, мектеп тарихы үшін де ерекше болып тұр деп ойлаймын. Өйткені, бүгінге дейін қалыптасқан дәстүрлі іс-шараның бәрінен бас тартуға тура келді. Балалар төртінші тоқстанда мектеп партасында отырған жоқ. Балаларымыз вальс билеген жоқ. Олардың көбісі, тіпті виньеткаға да түскен жоқ. Соңғы қоңыраудан кейін мектеп пен саябақтарда суретке түсетін еді. Оның бәріне тыйым салынды. Мұндай тәртіп пен талапты түсіністікпен қабылдағаны үшін шәкірттерімізге ризамыз», – деп атап көрсетті Сейдуалиқызы.

Қимастықпен қоштасты

Мектеп түлектері төртінші тоқсанда онлайн форматта оқығандықтан, көптен бері бір-бірімен көріспеген. Аттестат алғанға дейін мектепте бірге боламыз деп ойлаған олар, соңғы қоңырауға бірден жиналған біртүрлі екенін айтады. Себебі, сыныптастар бір-бірін сағынып қалған. Ал енді аттестат алған сәтте-ақ мектеппен де, сыныптастармен де қоштасуға тура келіп тұр.

«Сыныптастарымызбен бір тоқсан бойы көріскен жоқпыз. Бүгін бәріміз бір-бірімізді көріп, қуанып жатырмыз. Бірақ аттестат алғаннан кейін бірден жан-жаққа кетеміз. Бұрынғыдай бір партада, бір кабинетте отырмаймыз… Бәріміз бірге сабақ та оқымаймыз… Алла бұйырса, өмірдің келесі кезеңіне өтейін деп жатырмыз. Аттестат алған жас түлектерге сәттілік тілеймін!», – дейді мектеп түлегі Ақжол Амантай.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз