Нұр-Сұлтанда ерікті студенттер дәрігерлермен қатар коронавируспен күресуде — Қазақстан жаңалықтары

0

Олар дәрігерлермен қатар COVID-19 індетіне шалдықты деген күдікке ілінген пациенттерді тәулік бойы қабылдауда, оларға жетекшілік етіп, пациенттерге алдын алу шараларын жүргізуге қатысты ауқымды түсіндіру жұмыстарын өткізуде, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күресте елорданың медицина қызметкерлеріне өз еркімен көмекке келген алғашқы азаматтардың бірі – елордалық «Астана» медициналық университетінің 7 курс студенті, «Медицина жастары» РҚБ медик-волонтері Ілияс Қайырғалиев.

Өзінің дәрігер мамандығына деген бейімділігінің бар екендігін болашақ хирург бала кезінен білген. Құрдастары не істерін білмей, үйде отырса, күнделікті істі бозбала еріктілікпен алмастыруды жөн деп шешті.

«Мен осындай қиын шақта біз бір-бірімізге көмектесуіміз керек деп есептеймін. Менің анам – медицина қызметкері. Бала кезімде анамның жұмыста түнгі кезекшілікте жиі қалатындығы әлі есімде. Осыны көріп өскен мен анамды мақтан тұтып, болашақта бәріне көмек бере алатын адам болуды армандайтынмын», – дейді І. Қайырғалиев.

Болашақ дәрігер таңның атысынан өз жұмысына сақадай сай. Күнделікті оқулықтар мен дәрістердің орнына ол медициналық қызметкерлермен қатар науқастарға жәрдем беруде: карантин аумағында оны көмекке аса мұқтаж жандар күтуде.

«Қазір мен станционарлық карантин орны ретінде қайта жабдықталған «Рамада плаза» қонақ үйінің базасында еріктілік қызметімді көрсетудемін. Барлығымыз үшін, еліміз үшін қиын кезде мен еш іркілместен өз қол ұшымды беруге ниет еттім. Еліміз бен халқымыздың игілігі үшін дәрігерлердің жасап жатқан баға жетпес еңбегін қадірлеуіміз қажет», – дейді ерікті.

Айта кетейік, елордада медициналық білім беретін оқу орындарының студенттері алғашқы күндерден-ақ Нұр-Сұлтандағы денсаулық сақтау ұйымдарында коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күресте ерікті түрде көмегін көрсетуде. Қазіргі таңда коронавирустың алдын алу шараларына медициналық оқу орындарының елуге тарта студенті жұмылдырылған.

stan.kz