Нұр-Сұлтанда автобус паркі карантинге жабылды

0

Автобус паркі қызметкерлерінің бірі коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болғаны анықталып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Елордада №1 автобус паркі карантинге жабылды, кәсіпорын жұмысшыларының бірі коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Бұл туралы CTS (бұрынғы «Астана LRT») компаниясы хабарлады.

«Мониторинг барысында №1 автобус паркінің қызметкері коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны анықталды. Қызметкерлер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автопарк карантинге жабылды», — делінген хабарламада.

Автопарк пен автобустар дезинфекциядан өтті. Қызметкермен жақын қарым-қатынаста болғандардың бір бөлігі стационарға жатқызылса, ал қалғандары үй карантиніне алынған.

Елорда автобустарындағы шектеу

Көлік компаниясынан мәлімдегендей, 27 наурыздан бастап жолаушыларға автобустың алдыңғы есігі арқылы кіруге тыйым салынды. Жүргізушілер отыратын жер арнайы лентамен қоршалды.

№1 автобус паркі карантинге жабылды

Сонымен қатар, қолма-қол ақша төлеуге болмайды. Қолма-қол ақшасыз төлемдер ғана қабылданады. Бүгінгі таңда қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98%-ті құрайды.

Қандай автобустар жүрмейді

26 наурыздан бастап автобустар кешкі сағат 19.00-ге дейін ғана жүреді.

Тағы оқыңыз: Карантин күшейтіледі: Нұр-Сұлтан мен Алматыда тұрғындардың үйден шығуы шектелмек

28 наурыздан бастап карантиндік аймақта орналасқан барлық қала маңына қатынайтын автобустардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Олар Қосшы, Тайтөбе, Жібек Жолы, Талапкер, Қоянды, Қызылсуат, Ы.Алтынсарин, «Нұрлы» саяжай кенттері (№ 301, 302, 303, 304, 306, 307, 313, 314, 319, 320, 321, 322, 326).

Еске сала кетсек, 28 наурыздан бастап астанада карантинді қамтамасыз ету үшін бірқатар қосымша шара енгізіледі. Соның ішінде қоғамдық көліктің жұмысын кезең-кезеңмен шектеу көзделіп отыр.



sputniknews.kz