Нұр-Сұлтан тұрғындарына көшеде маскасыз жүруге тыйым салынды

0

Соңғы үш тәулік ішінде елорданың полиция бөлімшелеріне карантин режимін бұзғаны үшін үш жүзден аса адам жеткізілген

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Елордада көшеге бетпердесіз шығуға тыйым салынған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Көшеде маскасыз жүруге болмайды. Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша, қалада маска жеткілікті, таратылып жатыр. Сол себепті біз тағы да тұрғындарға ескертеміз», — деді Сәденов онлайн брифингте.

Оның айтуынша, астанада карантин талаптарының күшейтілгеніне қарамастан, кейбір адамдар тәртіпті бұзған.

«Үш күннің ішінде,  28 наурыздан 30 наурызға дейінгі аралықта полицияға 307 адам жеткізілді. Оларға қатысты әкімшілік жаза қабылданды. Екі мыңнан астам профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді», -деді полиция департаментінің басшысы.

Жалпы 22 наурыздан бері төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 369 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Оның ішінде 86 адам қамауға алынса, 202-сіне айыппұл салынды, ал 64 адамға ескерту жасалды. 17 іс сотта қаралып жатыр.

Тағы оқыңыз: Алматы облысында коронавирус жұқтырған жүкті әйел сұхбат берді

Бұдан бөлек, бір тәулік ішінде 30 автокөлік айыппұл тұрағына қойылған. 1500-ге жуық жүргізуші мен 200-ден астам жаяу жүргіншімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Еске сала кетсек, 28 наурыздан бастап елордада тұрғындардың үйден шығуы шектелді.

Адамдарға тек азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға, жұмысқа баруға және медициналық қызмет үшін сыртқа шығуға рұқсат етіледі.

Кәмелетке толмағандарға ересектердің қарауынсыз қалада жүруіне тыйым салынды.

Бұдан бөлек, отбасы мүшелерін қоспағанда, көшеде үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды.

Карантинді бұзғаны үшін 10 АЕК немесе 26 510 теңге айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамауға алуы мүмкін.



sputniknews.kz