Нұр-Сұлтан қаласының әкімі үндеу жасады

0

Әкім азаматтық, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру арқылы вирустың таралуына жол бермей, карантин режимінен ертерек өтуге шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тарихымызда алғашқы рет 3 айдан астам уақыттан бері карантин режимінде өмір сүріп жатқанымызды айтып, қала тұрғындары мен қонақтарына арнап үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Төтенше жағдай кезіндегі қатаң тәртіптің арқасында, өзін-өзі оқшаулаудың нәтижесінде қауіпті кезеңнен өткенімізді атап өткен ол, азаматтардың еркін қозғалысына байланысты қауіп сейілмегенін алға тартты.

«Бірнеше мәселеге көңіл аударуды сұраймын. Бірінші, қазір біз байқағанымыздай ауру жұқтыру ошақтары отбасыларда пайда болуда. Мысалы, балалары, ата-анасы, ата-әжесі де вирусты жұқтырды. Нәтижесінде бүкіл отбасы мүшелерін ауруханаға жатқызуға тура келді. Екінші, көңіл аударуды талап ететін мәселе бұл ұжымдарда ошақтар пайда бола бастады. Соңғы аптадағы вирус анықталған азаматтардың тең жартысынан көбі ұжымдардағы азаматтар», – деді Көлгінов.

Ал мамандар отбасы мен жұмыс орынында санитарлық нормалардың, карантин талаптарының дұрыс сақталмауының салдары осындай жағдайға соқтырып жатқанын айтады.

«Сондықтан үш мәселеге көңіл аударуды сұраймын», – деді Нұр-Сұлтан әкімі.

  • Біріншіден, қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерде міндетті түрде медициналық масканы тағу қажет.
  • Екіншіден, қарапайым гигиеналық нормаларды сақтауды ұмытпауымыз қажет. Әсіресе балаларға айтып, отбасымыз бен жұмысымызда да осы тәртіпті бұзбауымыз керек.
  • Үшіншіден, азаматтар көп шоғырланатын жерге барудың қажеті жоқ және де дистанцияны сақтауға міндеттіміз. Тек сонда ғана біз вирустан құтыламыз.

«Тәжірибе көрсеткендей вирус жасқа қарамайды. Дені сау азаматтар да вирусты жұқтырып, өз-өзін емдеймін деп денсаулығын қиындата түсуде. Жас, тепсе темір үзетін азаматтар ауруханаға түсуде. Ауыр хәлде жатқан азаматтарымызда бар», – де атап өтті Көлгінов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде 600-ден астам пациент ауруханада карантинде болса, соның жартысының көбінде пневмония диагнозы анықталған.

«Демек, нағыз қауіпті топқа жататындар. Соның ішінде 34 денсаулығы ауыр хәлде деп бағалануда. Олардың 12-сі жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған», – деді қала әкімі.

Ол өз үндеуінде карантин басталғалы көптеген мекемелерді жабуға мәжбүр болып, азаматтар уақытша жұмыссыз қалғанын айтты. Соған қарамай мемлекетіміз қыруар ақша жұмсап, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсеткен. Орта және шағын бизнес те назардан тыс қалмаған.

Оқи отырыңыз: Бекболат Тілеуханнан коронавирус табылды

«Барлығымыз айтылған талаптарды орындауға тиістіміз. Біз күнделікті қарап, бақылап жүрміз. Бірақ азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік болу керек. Ендігі ортақ міндетіміз – вирустың таралуына жол бермеу. Қатаң тәртіпті сақтасақ, карантин режимінен ертерек өтеміз», – деді Көлгінов.



sputniknews.kz