Нұр-Сұлтан полициясы баннер үшін қамалғандарды қолдағандардан «ҚДТ туралы сұраған»

0

29 сәуірде Нұр-Сұлтан полициясы кеше Есіл өзені жағалауына жиналып, Алматы марафоны кезінде баннер ілгені үшін әкімшілік жазаға тартылғандарға қолдау білдірген бір топ жасқа «түсіндіру жұмыстарын жүргізген».

Қалалық полиция бөлімшесі алдында Азаттық тілшісімен сөйлескен жастар – Яна мен Рома полиция өздерін «үйлерінен алып кеткендерін айтты». Олардың сөзінше, полиция Нұр-Сұлтан экстремистік деп таныған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы туралы сұраған.

– Үйімізге келді де, полиция бөлімшесіне алып кетті. 1 мамырда өтетін митинг туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «[ҚДТ-ға] қатыстарың бар ма?» деп сұрады. Қазір «Менің таңдауым бар. Шындықтан қаша алмайсың» ұрандарымен Қазақстанның демократиялық таңдауы ұйымы жұмыс істеп жүргенін айтты, – деді Рома.

«1 мамырда артық нәрсе істегендердің бәрін алып кететіндерін айтты» деді олар.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова «Әлдекімнің қамалғаны не ұсталғаны туралы әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды» деді. Азаттық тілшісінің «Полиция бөлімшесіне шақырылғандар не тергелгендер бар ма?» деп бірнеше қайтара қойылған сұрағына Қылышбекова жауап берген жоқ.

Азаттық тілшісіне өзінің белсенділермен таныс екенін айтқан азаматтың бірі бірер сағат бұрын Facebook парақшасында «Полиция түсіндіру жұмысынан соң қолдап шыққан жастың бәрін жіберді» деп хабарлады.

28 сәуір күні кешке Нұр-Сұлтандағы Есіл өзені жағалауына бір топ жас жиналып, Алматы марафоны кезінде баннер ілгені үшін әкімшілік жазаға тартылғандарға қолдау білдірген.

Олар қолына қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтің, сот айыппұл салған Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов пен Айгүл Нұрболатованың суреттері мен «Наши герои» (Қаһармандарымыз) деген жазуы бар плакат ұстап тұрған.

Алматыда қамалған жастарды қолдау акциясын өткен аптада Чехия, Франция, Ұлыбритания, Италия мен Грузияда оқитын қазақстандық студенттер де өткізген.

Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні – Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.

Қамауда отырған Әсия Төлесованың адвокаты 23 сәуірден бері белсендінің аштық жариялап отырғанын хабарлады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары – Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.



Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз