Назарбаев: Тоқаев — басталған істі жалғастыратын адам

0

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті, 9 маусымда өтетін кезектен тыс сайлауда президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты «президенттікке даярланған адам» деп сипаттады. Бұл туралы Назарбаев астанада өтіп жатқан экономикалық форумда айтты деп хабарлады inform.kz.

«Кезектен тыс президент сайлауы Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін өткелі жатыр. «Нұр Отан» партиясының съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ел президенті ретінде сайлауды ұсындым. Оны басталған істі жалғастыратын, мұрагерлікті қамтамасыз ететін, [президенттікке] даярланған адам деп санаймын» деді Назарбаев.

Экс-президент «Конституциялық заңға сәйкес, елбасы және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде мемлекетті дамыту жолында жұмыс істей беремін» деді. «Қызметімнің бәрі президентімді қолдауға, билік транзитін бейбіт жағдайда өткеруге, бастаған жұмысымызды жалғастыруға бағытталады» дейді Назарбаев.

«Әлеуметтік игілік, тыныштық және әрбір азаматтың ертеңіне сенімді болуы қызметіміздің ең басты мақсаты болып қала береді» деді экс-президент.

Назарбаев сөйлеген форум өтіп жатқан ғимарат сыртында ондаған ана наразылық білдіріп жатты. Олар баспана мен жәрдемақы мәселесін шешуді сұрап, биліктің бағдарламалары тиімсіз деп шағынды.

Тікелей эфир:

Наразыларға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов шықты. Министр мен әкім аналарды қабылдау үшін аналарды қала әкімдігі ғимаратына автобуспен әкелді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлау 9 маусымда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жеті азаматты кандидат ретінде тіркеген. Қазір Қазақстанда сайлауалды науқаны жүріп жатыр.

Azattyq