Назарбаев Маминмен кездесіп, қазіргі жағдайдағы басты міндетті атады

0

Елбасы Қазақстанда бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар қазіргі дағдарыстың ұлттық экономикаға  теріс әсерін азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті

Sputnik. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев премьер-Министр Асқар Маминмен кездесті. Кездесу барысында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық даму нәтижелері мен пандемиядан кейінгі кезеңге арналған жұмыс жоспары талқыланды, деп хабарлады Elbasy.kz.

«Біз тәуелсіздік жылдарындағы ең күрделі кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Осы уақыт ішінде талай дағдарысты еңсердік. Қазіргі қиындық әлемнің бүкіл елін қамтып отыр. Барлық жерде жұмыссыздықтың көбеюі байқалуда, бизнес қиындыққа тап болып, мемлекеттер арасындағы сауда-саттық деңгейі төмендеді. Алайда бұған дейін  қабылданған шаралар дағдарыстың экономикамызға әсерін азайтуға көмектесті. Біздің экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі басқа елдермен салыстырғанда үш есе аз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Премьер-министрдің ақпаратына сәйкес,  жыл басынан бері экономиканың машина жасау, өңдеу және тау-кен өндірісі, құрылыс, басқа да негізгі салаларындағы  көрсеткіштер оң қарқын алған.

Елбасы Қазақстанда бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар қазіргі дағдарыстың ұлттық экономикаға  теріс әсерін азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Ол күрделі кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау бағытында  отандық бизнестің белсенділігі жоғары екенін атап өтті.

«Ірі бизнес жұмыс орындарын сақтап қалуға көмектесті, халықтың әлсіз топтарын қолдауға қаражат бөлді, сондай-ақ «Біз біргеміз» бастамасын ілгерілетуге үлесін қосты. Мен барлық бизнес өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Birgemiz қоры арқылы біз 2,3 миллион қазақстандыққа қолдау көрсете алдық, – деді Елбасы.

Назарбаев қандай тапсырма берді

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық өсім мәселесін қарастырып, отандық бизнесті жандандыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту қажеттігін атап өтті. Үкімет экономиканың түрлі саласындағы өсімді қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауы керек екендігі айтылды.

«Қазіргі уақытта сарапшылар экономикалық дағдарыс пен пандемияның екінші толқыны келетінін болжауда. Мамандар бұл мәселені мұқият зерттеп, осы жағдайға арнаулы бағдарлама әзірлеуі керек. Жаңа тәсілдер мен тиісті шаралар қажет», – деді Қазақстанның тұңғыш Ппрезиденті.

Сонымен қатар Елбасы коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мәселесіне тоқталды.

«Қауіпті дертті жұқтырып алмау адамның өзіне және тәртібіне байланысты екенін түсіндірген мемлекеттер ұтылған жоқ. Кейбір елдерде карантин шаралары қабылданбады, өйткені адамдар сақтық шараларын сақтап, мамандардың талабын орындады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның тұңғыш президенті геосаяси қақтығыстар мен қарама-қайшылықтар өршіп тұрған жағдайда Қазақстан қоғамының бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Біздің басты міндетіміз – дағдарысқа қарамай, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ішкі тұрақтылықты сақтауымыз керек. Қоғам тұтастығы мен саяси тұрақтылық – біздің алға жылжуымыздың негізі екенін жұртшылық естен шығармағаны жөн», – деді Елбасы.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономикалық дағдарыстардан өтуде Қазақстанның мол тәжірибесі, сондай-ақ экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.