Назарбаев Астанада Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық одақ кездесуін өткізуді ұсынды

0

2018 жылғы 13 қараша 17:25 89

Назарбаев Астанада Ресей, Қытай, АҚШ  және Еуропалық одақ кездесуін өткізуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат — Әлемдік державалар барлық уақытта да әлемдік істерге үлкен жауапкершілікпен келуі тиіс. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан  Астана клубының жалпы отырысында ҚР Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы күндері Парижде бірінші және екінші әлемдік соғыстардың келіссөздер мен диалогтың болмауы салдарынан басталғандығын айтуда. Менің ұсынысым, адамзаттың болашағы тұрғысынан алғанда әлемдік державалар барлық уақытта да әлемдік істерге үлкен жауапкершілікпен келуі тиіс. Әсіресе, Ресей, Қытай, АҚШ  және Еуропалық одақ», —  деді Елбасы.

Қазақстан Президентінің пайымынша, осынау төрт тарап қазіргі жағдайда диалогтың жаңа форматын табуы тиіс.

Назарбаев Астанада Ресей, Қытай, АҚШ  және Еуропалық одақ кездесуін өткізуді ұсынды «Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ Ұлттар лигасының құрылуына, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін БҰҰ-ға бастамашылық жасады. Мен мұның қарапайым міндет емес екендігін түсінемін. Бірақ, аталған төрт күштің кездесіп, экономикалық, саяси, әскери және өзге де проблемаларды тып-тыныш талқылауы үшін Астананы алаң ретінде ұсындым», —  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Елбасы жиын барысында Үлкен Еуразияның сұлбасы қалыптасып келе жатқанын айтып, Ресей, АҚШ және Қытай арасындағы геосаяси бәсекелестікке алаңдаушылық танытты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалар қарулану жарысына қайта оралуы мүмкін екендігін ескертті.

Кибертехника ядролық және өзге де стратегиялық нысандарға қауіп төндіретінін баса айтты.