Мұнай 30 долларға дейін арзандауы мүмкін

0

Қазір әлемдік  нарықта мұнай бағасы арзандап жатыр.  Лондон биржасында  АҚШ-та өндірілетін мұнайдың құны  осы аптаның басында  7 пайызға арзандап кетті. Сарапшылар «АҚШ-та соңғы үш жылда мұнай бағамы бұлай арзандамаған» деп отыр.  Нью-Йорк қор биржасында да  қара алтынның құны 13-14 қараша аралығында  айтарлықтай төмендеді. Brent маркалы мұнай бағасының бір баррелі қазір нарықта 66 доллар болып тұр.

13-14 қараша күндері бірден құны төмендеген мұнай бағамына қатысты деректерді біз арнайы сызыбамен көрсетуді жөн көрдік:

Графика

Халықаралық экономика саласын зерттеуші мамандардың пайымдауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың 5 қараша күні Иран мұнайына тыйым  салуға  қатысты  мәлімдемесі де  бағаның күрт төмендеуіне ықпал етпей қоймады.

«АҚШ қазір Иранға қатысты екінші санкциясын іске қосты. Дональд Трамптың ресми түрде Иран мұнайын алуға тыйым салуы мұнай бағасының күрт төмендеуіне әкеліп соқтырды. АҚШ-тың мақсаты — Иран экономикасын төмендету. АҚШ энергетикалық санкция салу арқылы Иранның мұнайдан түсетін табысын 0 пайызға дейін төмендеткісі келеді. Мұның соңы әлемдік нарықта мұнай бағамының түсуіне әкелді. Мұнай бағамының күрт төмендеуі әлемде  шикі мұнай өндіретін өндіріс орындарының көбеюіне әкеліп соқтырады. Алдағы уақытта мұнай экспорттаушы елдер арзан мұнайдан аз түсім түскеннен кейін қосымша қорында қазылмай жатқан мұнайын сатуға  шығара бастайды. Бірқатар елдер арзан түсімнің орнын сатылымға көп мұнай шығару арқылы толтырғысы келеді. Бұдан кейін мұнайдың бағасы тіптен көтеріле қоймайды. Егер болашақта ОПЕК экспортқа шығатын мұнай бағасына нақты шектеу қоймаса, сатылымдағы көп мұнайға сұраныс та болмай қалады. Нарықта мұнай көп болғаннан кейін оның бағасы да арзандай береді», — дейді халықаралық экономика саласын зерттеуші ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Осылайша экономист-ғалым айтып отырғандай, сатылымда мұнайдың көп болуы бағаны құлдырата бермек. «Мысалы, 2017 жылы әлем бойынша тәулігіне 9,4 млн баррель мұнай тұтынылады деп болжанған. Артынша бұл болжам дөп келмей, халықаралық энергетикалық агенттік бұл көрсеткішті тәулігіне 1,6 млнға дейін түсірді», — дейді ғалым.

Мамандардың пайымдауынша, мұнайдың әлемдік тұтыну қорының  бұлайша нақты болжанбауы да мұнай бағасын төмендете береді. Бұған қатысты сарапшылар, «оптимистік болжамдардың өзі алдағы екі жылдағы мұнай бағасы 60 долларды ғана құрауы мүмкін екендігін көрсетеді. Ал пессимистік болжамдар тіптен алаңдатады. Ол болжамдарға сүйенсек, келешекте мұнай бағасы тіптен 30 долларға құлауы да мүмкін» дейді.

Біз экономист-сарапшылар  ұсынған деректерді арнайы графикамен көрсеттік. Төменде мұнай бағамына қатысты  2020 жылға дейінгі болжам сызбамен көрсетілді.

Графика

Сөйтіп, мамандар айтып отырғандай, мұнайдың әлемдік нарықтағы құны енді қымбат болмайды. Ал Қазақстанға не істеу керек?

Біз мұнай қорының молдығы жағынан әлемдегі мұнайлы деген 15 мемлекеттің қатарына енеміз. Мамандар «болашақта Қазақстан үшін сыртқа шикі мұнайды экспорттай бергеннен гөрі елімізде мұнайды өңдеу технологиясын жетілдірген тиімді бола түседі» дейді. Бұған қатысты химия ғылымының докторы, профессор Хакім Суербаев бұл дағдарыста мұнай химиясын жетік меңгерген елдер ұтылмайтынын алға тартты.

«Қазақстан жылына 60,2 млн тонна шикі мұнай өндіріп, сыртқа экспорттайды. Қазір мұнай өндіретін көптеген елдер мұнай химиясын жетік меңгерді. Олар мұнайды шикідей сатқаннан гөрі мұнайдан өнім алуды 92 пайызға дейін жеткізуді жөн көріп отыр. Мұнайдан кір жуғыш заттар, сабын, пластикалық ыдыстар, жиһаздар алып экономикасын дамытып отырған елдер бар. Қазір әлем даурығып кетті. Биржада шикі мұнайдың көбейіп кеткені соншалық, сұраныс төмендеді. Алдағы уақытта мұнайдың орнын алмастыратын наноматериалдар көбейеді. Ғылым қарыштап даму үстінде.  Жалпы, мұнай өңдеудің бірнеше әдіс-тәсілдері бар. Бірінші айдау, крекинг, риформинг, гидолкрекинг, гидротазалау  басқалар. Мұнайдан Қазақстанда бензин, дизельді отын мазут алынады. Біз осы мазутқа дейінгі өнім алуды білеміз, әрі қарай қазбаламаймыз. Мұнай қоры елде көп бола тұра ұшаққа қажетті дизельді отынды өзге елден импорттаймыз. Бензинді де өзге елден әкелеміз. Өзімізде шикізат көп, бірақ одан өнім ала алмай өзгеден сұраймыз. Бұл өте үлкен олқылық. Сондықтан біз үшін болашақта шағын мұнай өңдейтін зауыттар салу, мұнай өңдейтін кәсіпорындары модернизациялау өте өзекті мәселе. Өзімізде өндірілетін шикі мұнайдың тым құрығанда, 40 пайызы елде өңделгенде мұнай бағасы құлап кетті деп абдырап отырмас едік»,- дейді химия ғылымының докторы, профессор Хакім Суербаев.

Сондай-ақ ғалымның айтуынша, біздің мұнайдың ішінде күкірт қосылыстары көп. «Егер мұнай химиясын жетілдіріп алғанымызда мұнаймен қосылып шығатын ілеспе газды ұқсату қиынға соқпайтын еді», — дейді маман. Маманның байыптауынша, ілеспе газды ұқсата алғанымызда нақ бүгінгідей көгілдір отынды да өзгеден сұрамай өзімізде өндіруге болар еді.

«Мұнайды ең соңғы дайын өнімге дейін өндіруге Израил, Германия Франция, Италия елдері қазір мықтап кірісіп жатыр. Жерінде бір түйір мұнайы жоқ елдер мұнайдан өнім өндіруді жолға қойып алған. Ал біз шикізатты арзанға сатқанымызға тоқмейілсіп жүрміз. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы төмендеген сайын шикізат сататын елдердің ұйқысы қашады. Мұнай енді баррельіне 140-150 доллар бола қоймайды. Бұрынғыдай қымбат мұнай келмеске кетті. Ендеше мұнай химиясын жетілдіріп, одан дайын өнім алу біз үшін өзекті бола түседі. Келешекте  шикі мұнай сатып, бюджеттің бүйірін тоқ ете алмаймыз. Мұны ұғыну  керек те, мұнай химиясын жетілдіруді қазірден қолға алу қажет», — деді ғалым Хакім Суербаев.

Қарлығаш Зарықханқызы

«Қамшы» сілтейді