Мұғалімдер Арыста жас әйелді қалай босандырып алғанын айтты

0

Арыстағы жарылыс кезінде үш мұғалім балаларды көшіруге көмектесіп, толғағы жеткен әйелді босандырып алуға жәрдемдескен

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Арыс қаласындағы жарылыс кезінде 23 жастағы әйелді босандырып алған оқытушыларды марапаттады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

24 маусым Арыс қаласында жарылыс болатын күні министрлік атынан ҰБТ өткізуге барған Шайза Доскеева, Балбөпе Өтенова, Жанат Нұржұманова есімді мұғалімдер аппеляцияға өтініштер қабылдап жатқан. Әрі қарай оқиғаның қалай өрбігенін Балбөпе Өтенова айтып берді.

«Арыс қаласына Білім және ғылым министрлігінің өкілі ретінде шақырылған едік. Командада 12 адам болды. Оқытушылардың бәрі еліміздің әрбір қаласындағы жоғары оқу орындарынан жиналды. Арыста ҰБТ-ның екі легін абыроймен өткізіп, соңғы аппеляция отырысы қалған болатын. 24 маусым мектепте жұмысымызды бастап жатқанымызда «сыртқа шығыңыздар» деген хабар келді. Алғашында мән бермегенімізбен, қатты дауыстан қорқып сыртқа шығуға тура келді. Абдырап сыртқа шықсақ, аспан айналып жерге түскендей, айналаның бәрі шуылдасып кетті. Соғыс боп жатыр деп ойладық», — деп әңгімеледі Өтегенова.


©
Sputnik / Ксения Воронина

Солдан оңға қарай: Шайза Доскеева, Балбөпе Өтегенова және Жанат Нұржұманова

Айтуынша, олар жерді білмегендіктен, қашып жатқан тұрғындардың соңына мектептегі балалармен бірге ілескен. 

«Жан-жаққа бөлініп кеттік. Тұрғындармен бірге қаша беріппіз. Енді қарасақ, Жанат, Шайза үшеуіміз ғана қалыппыз. 10 метр жерге келіп снаряд түсті. Біз қайда тығыларымызды білмей, бір үйден жертөле де сұрадық. Сөйтсек, ол үйдің отбасылары да қашуға қамданып жатыр. Ақыры, бәріміз бірге, қырға қарай қаша бердік. Артымыздан тарсылдаған жарқыншақтар түсіп жатыр. Телефонымды қолыма алып, күйеуіме хабарластым. Оған «екі қызыма ие бол» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым», — дейді оқытушы.

Арыстағы апаттан жаяу да, көлікпен де қашқан жұрттың ортасында келе жатқанда бір автокөлік тоқтаған. Ішіндегі жас жігіт өзін Арыстағы ҰҚК қызметкері Досжан Досмұхамет деп таныстырып, 3 оқытушыны ала кетеді. 

«Жолда сыйғанша балаларды да ала кеттік. Төрт баласы бар бір келіншекті отырғызып алдық. Әлгі әйелдің ең кішкентай баласы бір айлық екен. Қарт әжені де ала кеттік. Бір қыр асқаннан кейін бензині бітіп қалған көліктен түсіп жатқан аяғы ауыр келіншекті көрдік. Жүкті әйелді көліктің алдына акушерімен бірге отырғызып алдық. Келіншектің толғағы жиілей бастады», — деп еске алды сол күнгі оқиғаларды ол. 

Содан олар жолда Ақжар деген ауылға тоқтап, ауылдың шетіндегі бірінші кездескен үйге кіреді. 

«Машинаның ішінде босандырып алуға мүмкіндік болды. Алайда жүргізушінің пысықтының арқасында Ақжар ауылына тап болдық. Бағымызға қарай мейірімді Гүлмира деген апайды жолықтырдық. Үй иелері жақсы адамдар болып шықты. Олар бір бөлмені дайындап, жағдайымызды жасады. Үшеуміз бұрын мұндайды көрмегенбіз, бірақ акушерге көмектестік», — дейді Балбөпе Өтенова.

23 жастағы әйел босанғанда қатты қиналған. Босана алмай, нәрестенің кіндігі мойнына оралып қалады.

«Нәрестенің салмағы үлкен болды. Акушердің біліктілігінің арқасында сағат 12:58-де қыз бала дүниеге келді. Үйдің иесіне жақын маңдағы ауруханадан жедел жәрдем шақырыңыздар дедік. Олар жақын маңдағы ауылға хабар берді. Біраз уақыттан соң дәрігерлер жетті», — деді ол.

Тағы оқыңыз: Арыста қаза тапқандардың саны үш адамға жетті

Жас босанған ананың есімі — Кенже. Ол екінші сәбиіне қиын уақытта қол ұшын созған жүргізушінің анасының есімін берді.

«Қызын Кәмила деп қойды. Сол күні таңертең сағат 8-де толғағы қысып, Арыстың ауруханасына түскен. Алайда оны қабылдап жатқан кезде жарылыс басталады. Жанына бір акушерді беріп, жақын жердегі ауруханаға апарыңдар деп көлікке отырғызып жібереді. Жарылып жатқан снарядтардан қашып келе жатқанда машинаның бензині таусылып қалыпты, содан біз кездесе кеттік», — деп әңгімеледі Өтегенова. 


©
Sputnik / Ксения Воронина

Оқытушыларға білім және ғылым министрі алғыс айтып, құрмет грамотасымен марапаттады

Қиын сәтте аяғы ауыр келіншекке көмек көрсеткен педагогтарды бүгін білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов марапаттады.

«Әріптестеріміз үлкен адамгершілік көрсетті. Саспай, нәрестенің дүниеге келуіне себепкер болып, кіндік шеше атанып жатыр. Бүгін оларды министрлікке шақырып, құрмет көрсетіп отырмыз. Біздің ұстаздарымыздың адамгершілігі мол. Біз оларды мақтан тұтамыз», — деген министр оқытушыларға алғыс айтып, құрмет грамотасын табыс етті.

Арыстағы жарылыс

Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындғы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.

Сол күні Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Соңғы мәліметтер бойынша төтенше оқиға салдарынан қаза тапқандардың саны үшке жетті. Бүгін ауруханада тағы бір әскери қызметкер көз жұмды. 

Жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апат болған күні кешке Арыс қаласына аралап, тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы халыққа қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін, сондай-ақ жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.



sputniknews.kz