Министрлер мен әкімдер Сағынтаевтан сөз естіді

0
Қоғам

Қысқа сілтеме алу

93 0 0

2018 жылы бірқатар өнеркәсіп саласында еңбек өнімділігі өспеген

АСТАНА, 29 желтоқсан – Sputnik. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев биылғы жылдың соңғы үкімет отырысында президенттің тапсырмасын толық орындай алмай отырған министрлер мен әкімдерге шүйлікті, деп хабарлайды тілшісі. 

Бүгін үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі мәселесі қаралды. 

Сағынтаев Қазақстан президенті әрбір жарты жылда немесе жыл соңында еңбек өнімділігін арттыру бойынша өңірлердің рейтингін жасап отыруды тапсырғанын еске салды. 

«Алайда бүгінгі баяндамалардан еңбек өнімділігінің өспегенін көруге болады. Әрбір Индустрияландыру күнінде іске қосып жатқан зауыт-фабрикаларыңыз еңбек өнімділігінің өсуіне неге әсер етпейді? Бір ғана зауыттың жұмысы нашарлап қалса, еңбек өнімділігін артқа тартып кетеді. Басқа жұмыс жоқ, бір ғана зауытқа тәуелдіміз. Ауыл шаруашылығы, тамақ өндірісі, басқа да ірі өнеркәсіптер болсын, қай өңірге қарасаңыздар да, жағдай осы. Бәрінде де бір себептеріңіз дайын тұр», — деп ашуланды үкімет басшысы. 

Сағынтаев қол астындағылардан жүйелі жұмыс неге жүргізілмей жатқанын сұрады.

«Мыңдаған зауыт аштық деп айтып жатырмыз, ал сонда неге ол еңбек өнімділігінің жоғарылауына әсер етпейді? Сонда қандай зауыттар ашып отырсыздар?», — деді премьер. 

Жылдың қорытындысы бойынша бәрін дұрыстаймыз деген министрлер мен әкімдерге Сағынтаев жылдың аяқталғанын еске салды.

«Жарты жылдың қорытындысымен осындай, жылдың қорытындысы бойынша бәрін дұрыстаймыз деп айтып отырсыздар. Жыл бітті, қайтіп дұрыстайсыздар? Бүгінге дейін істелмеген жұмыс ертең жасалмайды. Сол себептен осы мәселені әркез есте ұстауы керек. Асқар Ұзақбайұлы, жарты жылда бір осы сұраққа қайта оралып, айтылған уәделерін хаттама арқылы бекітіп, кейін салыстырмалы түрде қарап отыру керек. Елбасының тапсырмасы толық орындалуы тиіс», — деді үкімет басшысы. 

Сондай-ақ, премьер еңбек өнімділігінің төмендігін өзбек ағайындарға ысыра салған әкімдерді де сынға алды.

«Баяндама жасаған кезде, себебін дұрыс айтыңыздар. Бір облыс әдістеме өзгеріп, сол кінәлі дейді. Бір облыс «өзбек ағайындар кінәлі» дейді. Сіздердің жұмыстарыңыз сонда неде? Жұмысшылар сырттан жылда келеді. Сонда жыл сайын өзбек ағайындарға кінә артып отырамыз ба?», — деді ол. 

Сағынтаев жиналысқа дайындалған кезде, баяндаманың мазмұнын білу керектігін ескертті. 

«Атүсті емес, жақсылап тұрып дайындалу керек. Қағазға жазылғанды ғана оқып бересіздер. Яғни, жұмыс жоқ деген сөз», — деді премьер-министр.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/