Министрік Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты ақпарат жариялады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

2019 жылдың 27 желтоқсанында Қытайда Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты сот отырысы өткен болатын. Сыртқы істер министрлігі сот шешімі туралы айтты

НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты қосымша ақпаратты таратты. Өткен жылдың соңында үкім өзгеріссіз қалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаттары апелляциялық шағымды екінші рет түсіру мәселесін қарастырып жатыр.

«Жақында оған қатысты соттың тағы бір үкімі шыққан. Оны жақсы білесіздер. Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қалды. Қазіргі кезде Ақжарқынның адвокаттары соттың үкіміне екінші рет апелляциялық шағым түсіру мәселесін қарастырып жатыр», — деді Смадияров бүгінгі баспасөз мәслихатында.

Сот үкімі өзгеріссіз қалды

2019 жылдың 27 желтоқсанында Қытай соты отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырған болатын.

«Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды», — делінген сыртқы істер министрлігінің ресми хабарламасында.

Бас прокуратура Қытайда өмір бойы бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару үшін не істеу керектігін түсіндірді

Отырысқа Ақжарқынның адвокаттары мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің консулы қатысқан. Бас прокуратура Қытайда өмір бойы бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару үшін не істеу керектігін түсіндірді.

Ақжарқынды қалай қайтаруға болады?

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, прокуратура органдары үкімнің заңды күшіне енгенін күтеді. Одан кейін Ақжарқын Тұрлыбайды жазаны өз елінде өтеу үшін қайтару шараларына кірісуге болады. Алайда оған Тұрлыбайдың өз келісімі керек.

«Қазақстан мен Қытайдың арасында тиісті келісімшарт бар. Сол шарт бойынша жұмыс істейміз. Сот үкімі шыққанымен заңды күшіне енуі керек. Содан кейін өкілетті орган – прокуратура, яғни біз қалған жазасын Қазақстанда өтеуге мүмкіндік жасаймыз. Келісімшарттың негізінде сұрау саламыз. Әрине, Ақжарқынның өз келісімі болуы керек. Қазақстанда қалған жазаны өтеуге келісіп, өтініш берсе, жұмыс істейміз», — деді Ахметжанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдыры

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді.
2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілген болатын. 

Ақжарқын түрмеде немен айналысады?

Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр. Сонымен қатар, көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.

Ақжарқын Тұрлыбайдың ата-анасына жазған хаты

Өткен жылы қыркүйек айында Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазды. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын.



sputniknews.kz