Блок бекеттегі трагедия: министр Тұрғымбаев күдіктіге қатысты деректі растады

0

Ерлан Тұрғымбаев жол апатын жасаған Азаматов 21 мамырда, яғни, апаттан төрт күн бұрын жұмыстан босатылғанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Алматыдағы блок бекетте үш полицейді қағып кеткен ер адам ішкі істер органдарында істеген, бірақ төрт күн бұрын қызметінен босатылған. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Тексеріс кезінде бірқатар факті анықталды. Бізде Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бұйрығы бар. Оған сәйкес, Азаматов 21 мамыр күні, яғни, апаттан төрт күн бұрын жұмыстан босатылған. Бұдан басқа мәліметтерді жариялай алмаймын. Тергеу департаменті қылмыстық істі Алматы облыстық полиция департаментінен алып, ішкі істер министрлігіне ауыстырды», – деді Тұрғымбаев онлайн брифингте.

Министрдің айтуынша, әзірге оқиғаның қалай өрбігенін айту қиын. Себебі автотехникалық және тағы басқа сот сараптамалары аяқталған жоқ. Тергеудің нәтижесі жарияланады.

Блок бекеттегі апат: марқұм полицейдің әйелі алғаш рет қайғылы оқиға жайлы айтты

«Тергеу шаралары қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған біздің әріптестерімізге қатысты болып тұр. Бұрынғы қызметкеріміз де бар. Сондықтан осы істі жан-жақты зерделеп шығуымыз қажет», – деп атап өтті Тұрғымбаев.

Қаза болған полицейлерге қандай көмек беріледі?

Министр Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқановтың отбасына қандай көмек берілетінін де айтып берді. Оның айтуынша, жерлеуге кеткен шығындар мемлекеттің есебінен өтеледі. Атап айтқанда, жерлеуге берілетін бір реттік өтемақының көлемі 400-500 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек, қызметкердің қазасы бойынша берілетін өтемақы бар. Жанғазиевтің отбасына 9 миллион теңге берілсе, Әбдіқановтың туыстары 7,5 миллион теңге алады.

«Сосын мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемақы қарастырылған. Екі әріптесіміз де жас отбасы болған. Ата-анасымен бірге тұрды. Алматы әкімдігі екі отбасыға да пәтер беретін болды»,  – дейді Тұрғымбаев.

Осы орайда министр үшінші полицей – Ербұлан Сейдазымның өмірін сақтап қалған медицина мамандарына алғыс білдірді. Оған ауыр ота жасалды. Дәрігерлер бастағы қанды ісікті алып тастап, операцияны сәтті аяқтады. Құқық қорғаушы жан сақтау бөлімінен шықты. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз