Министр «табиғи нәрсе» деген сөзді дұрыс аудармағандарға шүйлікті

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Қорғаныс министрі тілді білетін адамдардың «табиғи нәрсе» деген сөзді дұрыс аудара алмағанына қайран қалды   

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыстағы төтенше жағдайды не үшін «табиғи нәрсеге» теңегенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айта кетейік, бұған дейін журналистерге берген сұхбатында министр Арыс қаласына әскери бөлім мен арсеналды көшіруге бірнеше миллиард теңге қажет болатынын жеткізді. Сол кезде тілшілер «Сіз Арыстағы жағдай үшін халықтан кешірім сұрайсыз ба?» деген сұрақ қойды. Министр сәл бөгеліп: «Кінәлі деп айтуға болмайды. Ол – табиғи нәрсе. Әрбір арсеналдың қаупі бар. Мен әзірге кешірім сұрайтын себеп көріп тұрған жоқпын. Әрбір әскери нысанда, оның ішінде арсеналда қауіп-қатерлер бар. Ол – табиғи нәрсе», – деп жауап берді.

Бүгінгі баспасөз мәслихатында Ермекбаев осы сөзіне түсініктеме берді. Министр Шымкент қаласында орыс мектебінде оқығанын да жасырмады. Бірақ тілді білетін адамдардың «табиғи нәрсе» деген сөзді дұрыс аудара алмағанына қайран қалды.   

«Мен қазақ тілін мүлтіксіз білемін деп айта алмаймын. Бірақ елімізде қаншама қазақ тілін еркін әрі мүлтіксіз білетін адам бар болғанымен, осы «табиғи нәрсе» деген сөзді ешкім дұрыс аудара алмады. Мен соған таңғалдым. Кез келген сөздікке қарасаңыз, тіпті sozdik.kz деген сайт бар, соған қарасаңыз, «табиғи» деген сөз ең алдымен «естественный» деп аударылады. Бұны біреу әдейі жасауы мүмкін. Менің сөзімді бұрмалап, контекстен шығарып жіберген», — деді Ермекбаев.

Бұдан бөлек, министр өзінен кешірім талап етуге қатысты ойын да жеткізді.

«Мынандай жағдайды елестетіп көріңізші, сіз өз жауапкершілігіңізді білесіз. Көшемен келе жатқанда танымайтын бір жас жігіт келеді де, амандық-саулық жоқ, аты-жөніңізді де атамай, сізді экономикаға үлкен шығын келтірді деп айыптайды. Сосын камераға кешірім сұрауды талап етеді. Меніңше, әр адам ондайға әрқалай жауап беретін еді. Мен Арыс тұрғындарымен кездескенде кешірім сұрағанмын. Олармен талай рет кездестім. Зардап шеккендерден тағы кешірім сұрауға дайынмын. Бірақ камераға емес», — деп атап өтті Ермекбаев.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылысқа не себеп болды — прокуратура жауабы

Ресми деректерге сүйенсек, оқиға салдарынан үш адам қаза тапқан – екі әскери қызметкер мен бір жергілікті тұрғын.

Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні тұрғындар Арыс қаласына қайтты.



sputniknews.kz