«Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын»: ІІМ-де «Гарант 24» құрылтайшысы туралы айтты – Қазақстан жаңалықтары

0

2019 жылдың қазан айынан бастап қызметін бастаған “Гарант 24 Ломбард”, “ЕЅТАТЕ Ломбард”, “Выгодный займ” қаржы кәсіпорындарының негізін қалаушы және басшылары Ақтөбе облысының тумалары екені белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Аталған мекемелер Қазақстанның 13 өңірінде ЖШС бір уақытта өз қызметін бастаған.

Құрылтайшылар көрсетілген мекемелердің заңсыз қызметін жүзеге асырған.

Азаматтардың мүлкі мен ақшалай қаражатын алу схемасы кеңселерді жайластыру, қызметкерлер штатын жинау және кәсіпорындардың жалған директорларын тағайындап, өңірлік өкілдіктер ашу әрекеттерімен құрылған.

Салымшылардың көп санын тарту үшін қазақстандық эстрада және спорт жұлдыздарының қатысуымен кең жарнамалық науқан жүргізген.

“Whats App” мессенджерінде ЖШС басшылары чат құрып, оған барлық салымшылар кірген. Аталған ЖШС азаматтардан жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жоғары құны бойынша бөліп-бөліп сатып алған, кейіннен 3-5 ай ішінде клиенттерге мәміле сомасының бір бөлігін төледі, ал осы уақытта қабылданған мүлікті үшінші тұлғаларға нарықтық құнынан төмен сатқан», – деді Ішкі істер министрлігінде.

Сонымен қатар, бұл қаржы мекемелері өз клиенттерінен депозит ретінде ай сайынғы сомадан 30-дан 40%-ға дейін сыйақы төлеуге уәде бере отырып, салымдар қабылдаған. Барлық ақшалай қаражат бас офиске аударылған.

2020 жылдың 15 ақпанында серіктестіктердің басшылары өз қызметін бір уақытта тоқтатып, ұрланған ақшамен қашып кеткен. 

Ал 19 ақпан күні “Гарант 24 Ломбард” ЖШС құрылтайшысы, 1993 жылы туған Мырзабеков Аслан Пазылжанұлы “WhatsApp” чатында салымшыларға “Мен сендердің ақшаларыңды қайтармаймын. Сенімдерің үшін рахмет! Тегін ақша әуесқойлары! Бәріңіз сау болыңыздар!” деген хабарлама қалдырған.

Сол күні әр аймақтардағы ішкі істер органдарына азаматтар жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ ақша қаражаттарын заңсыз иеленуге байланысты шағым түсіре бастады. Қазіргі таңда қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 2 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

Қылмыстық іске байланысты ІІМ Тергеу департаментінің және аймақтық полиция департаменттерінің қызметкерлерінен тез арада жедел-тергеу тобы құрылды. Бүкіл республика бойынша компания кеңселерінде тінту жүргізілді, бірлескен қызмет туралы шарттар, бухгалтерлік құжаттама, ноутбуктер, оргтехникалар, зергерлік және басқа да бұйымдар алынды. 

Тәркіленген құжаттарға сәйкес, қаржы кәсіпорындары 42 мыңнан астам адаммен шарт жасасқан. Алдын ала деректер бойынша келтірілген шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңгеге бағаланады.

Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің «алаяқтық» және «қаржы пирамидасы» бабы бойынша 22 қылмыстық іс тіркелді. 13 адам қамауға алынды. Мемлекетаралық іздеудегі 9 күдікті анықталды, оның ішінде А.П.Мырзабеков те бар.

«Соңғы уақытта алаяқтық фактілер туралы өтініштердің саны артты. Қалыптасқан жағдай азаматтардың тез табысқа кенелгісі келетінін көрсетеді. Осы мақсатта олар күмәнді ұйымдармен ойланбастан мәмілелер жасайды, қысқа мерзімде үлкен сыйақы алудан үміттеніп, әлгіндей ұйымдарға жинақ салады. Мұны алаяқтар сәтімен пайдаланып, әр түрлі схемаларды қолдана отырып, қаржылық пирамидалар құрады”, – делінген ІІМ-нің хабарламасында.

 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз