Мемлекеттік құпияны жариялаған Майлыбаев бостандыққа шықты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Байқоңыр аудандық № 2 соты Майлыбаевтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды

НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін сотталған президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Нұр-Сұлтан қалалық сотының ресми сайтына сілтеме жасап.

Кешірім сұрады: мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан жемқор басшылар кімдер? 

Ресми мәліметке сәйкес, Майлыбаев жазасының өтелмеген бөлігінен мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш жасаған. Сот жазасының басым бөлігін өтегенін және түрме әкімшілігі ұсынған оң мінездемені есепке алды. Майлыбаев 9 рет көзге түсіп, көтермеленген. Ішкі тәртіпті бұзбаған, жұмыс істеген. Осының негізінде сот шешім шығарды.

«Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық №2 соты 2020 жылы 14 мамырда Майлыбаевтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды. Ал жазаның өтелмеген мерзімі – 1 жыл 4 ай 21 тәулікке пробациялық бақылау белгіленеді. Осы уақыттың ішінде Майлыбаев ішкі істер органдарына барып, есеп беріп тұруға міндетті», – делінген ресми хабарламада.  

Бұдан бөлек, оған тұрғылықты жерді ауыстыруға, сондай-ақ, жұмыстан тыс уақытта ішкі істер органдары анықтаған орындарға баруға және Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салынған. Бұның барлығын жергілікті полиция қызметі бақылайды.

Соттың қаулысына шағым мен қарсылық түскен жоқ. Құжат заңды күшіне енді.

Майлыбаев не үшін сотталды?

2017 жылы 12 қаңтарда  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық кодекстің 185-бабы 1, 3-бөлігінде көзделген («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету») қылмыстарды жасады деген күдікпен Қазақстан президенті әкімшілігінің қызметкерлері Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихинді ұстады. Екеуі де қылмыс жасағанын мойындады. Ал маусым айында №2 Есіл аудандық соты осы іске қатысты үкім шығарды.

Бағлан Майлыбаев кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Николай Галихин Қазақстан Қылмыстық кодексінің 185-бабы  3-бөлігіндегі қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, 3 жылға дейін мемлекеттік органдарда жұмыс істей алмайды.

Сондай-ақ президентке сотталғандарды барлық мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс берілді. Үкім заңды күшіне енді. Істің құпиялылығына байланысты сот отырысы жабық өтті.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз