Мектептегі «сорпа дауына» қатысты сот үкімі шықты

0

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы мектептің мұғалімі әрі ата-ана (осы мектепте қызы оқиды) Айгүл Мұқсанованың үстінен қозғалған оқу орнындағы асхананың тағамына қатысты қылмыстық істе үкім шықты.

Айгүл Мұқсанованың Азаттыққа айтуынша, 27 желтоқсан күні өткен сотта судья Аятжан Досмағамбетов өзін «жала жабу» айыбы бойынша қозғалған істе ақтап шығарды. Ол арызданушы, Халел Досмұхамбетов атындағы мектеп асханасын тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер Меруерт Нұрмағамбетова сотта өзіне «жала жабылғанын дәлелдей алмағанын» айтты. Айгүл Мұқсанованы кәсіпкер Нұрмағамбетова оның журналист Гүлбану Әбенованың мектеп асханасына қатысты берген сұхбатында «жала жапты» деп айыптаған.

Кәсіпкер Нұрмағамбетованың Мұқсановаға қарсы шағымы бойынша осымен екінші сот шешімі шығып отыр.

Айгүл Мұқсанова қазан айында оқу орнындағы асхананың тағамына көңілі толмай, Facebook желісіне пост жазған. Ол «бес оқушының мектеп асханасындағы сорпаны ішпей кеткенін» суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салған.

Бұдан соң кәсіпкер Меруерт Нұрмағамбетова «ар-намысым мен іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деп сотқа арыз түсірген. Ол Айгүл Мұқсановадан жазғанын терістеп, моральдық өтемақы ретінде 2 миллион 700 мың теңге талап еткен. 24 желтоқсан күні өткен сотта судья кәсіпкер шағымын ішінара қанағаттандырып, Мұқсанованы жазғанын терістеуге, 30 мың теңге моральдық шығын және сот шығынын төлеуге міндеттеген.

Мұқсанова азаматтық шағым бойынша шыққан сот шешіміне көңілі толмайтынын, апелляциялық шағым беретінін айтады.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі Азаттыққа аудандық соттың Айгүл Мұқсановаға қарсы азаматтық шағымды ішінара қанағаттандырып, ал қылмыстық іс бойынша ақтап шыққанын растады.

Оқи отырыңыз: Мектептегі «сорпа дауы» сотқа жетті

Кәсіпкер Нұрмағамбетованың ұлы әрі қоғамдық қорғаушысы Руслан Бағдатов Азаттыққа «азаматтық іс бойынша сот моральдық шығын төлеуге міндеттеген адам кінәсіз емесін», моральдық шығынды көмек сұраған науқас балаға аударатынын айтты.

Руслан Бағдатовтың сөзінше, кәсіпкер жала жабу ісі бойынша сотқа мақала авторы Гүлбану Әбенова «куәгер ретінде шақырылғанымен, келмей қалғандықтан» ұтылған. «Азаматтық шағым бойынша сот шешімі кеше шықты, енді оны негізге алып, Гүлбану Әбеновадан мақаласында айтылған жайттарды терістеуін талап етемін» деді Бағдатов.

Дереккөз: Азаттық