Мектептегі «сорпа дауы» сотқа жетті

0

ДАУДЫҢ БАСЫ – «ВЕГЕТАРИАН СОРПАСЫ«

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы Халел Досмұхамбетов атындағы мектептің мұғалімі әрі ата-ана (осы мектепте қызы оқиды) Айгүл Мұқсанова оқу орнындағы асхананың тағамына көңілі толмай, Facebook желісіне пост жазған. Ол «бес оқушының мектеп асханасындағы сорпаны ішпей кеткенін» суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салған.

Айгүл Мұқсанованың Facebook-тегі даулы постынан скриншот

Айгүл Мұқсанованың Facebook-тегі даулы постынан скриншот

— Қызым биыл бірінші сыныпқа барды. Қазан айының басында «тамақ ішкім келмейді» деп жүрді. Ал айдың ортасында мектептен ауырып келді. Іші өтіп, құсты. Мән бермедім. Қазанның 19-ы күні мектептің асханасына барып, сорпаны көріп шошып кеттім. Томат қосылған сорпаға макарон пісіріп берген. «Мынау не?» деп сұрадым. [Асхана қызметкерлерінен] «бұл – вегетариан сорпасы» деген жауап алдым. Поста кәсіпкердің аты-жөнін және мектептің атын атаған жоқпын, — дейді ол.

Мұғалімнің постынан кейін мектеп асханасын тамақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер Меруерт Нұрмағамбетова «ар-намысым мен іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деп сотқа арыз түсірген. Ол Айгүл Мұқсановадан жазғанын терістеп, моральдық өтемақы ретінде 2 миллион 700 мың теңге талап еткен. Іс Атырау облысы Қызылқоға аудандық сотында қаралып жатыр. Кезекті сот отырысы желтоқсанның 13-і күні өтті.

Кәсіпкер Меруерт Нұрмағамбетова сырқаттанып қалғандықтан Азаттық тілшісі оның ұлы, талапкердің қоғамдық қорғаушы Руслан Бағдатовпен сөйлесті.

— Желіге [пост] шыққан күні-ақ өкіліміз барып, директорды шақырып, қалған тамақты тексерді. 92 баланың 82-сі тамақ ішкен. Екі бала сабақта болмаған, сегіз бала тамақ ішпеген. Акт бойынша сол күні 21 келі тамақ дайындалған. Оның екі келі 800 грамы жуындыға кеткен. Ал ол (Айгүл Мұқсанова – ред.) постында «тамақ толығымен жуындыға кетті» деген. Анам – 68 жастағы жеке кәсіпкер. 2011 жылдан бері аудандағы 13 мектептің оқушыларын тамақпен қамтамасыз етіп келеді. Осы күнге дейін бірде-бір арыз я ескерту алмаған. Осы постан кейін түрлі сөз естіді. Қаншама жағымсыз комментарий жазылып жатыр, — деді Руслан Бағдатов.

Бағдатовтың сөзінше, «постта кәсіпкердің аты аталмаған, бірақ мектеп пен мұғалімнің аты белгілі. Демек кәсіпкердің де кім екені айдан анық боп тұр».

— Біз Айгүл Мұқсановадан ақпаратты терістеп, кешірім сұрауын өтіндік. Бірақ ол ақпаратын терістемей, уақыт созып жүріп алды. Сондықтан біз сотқа шағымданып отырмыз. Моральдық шығын – адамның шаршағанынан шығатын дүние. Біз сол посттан кейін қаншама тексеруден өттік. Анам қан қысымымен ауырып та қалды. Іскерлік беделімізге нұқсан келді. Сондықтан осы соманы (2 млн 700 мың теңге – ред.) сұрап отырмыз. Ал ақшаны бере ме, бермей ме, ол жағын сот шешеді, — дейді арызданушының қоғамдық қорғаушысы.

«НҰР ОТАН» КОМИССИЯСЫ ҚҰРАМЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТ СОТЫ

Осыған ұқсас сот Астанада да басталуы тиіс. «Дүйсенғалиева И.П.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі журналист Гүлбану Әбенованың (шағымданушы арызында блогер ретінде көрсетілген — ред.) әлеуметтік желідегі постына қатысты шағым түсірген. «Ар-намысы мен іскерлік беделіме кір келтірді» деген кәсіпкер Әбеновадан ақпаратты терістеп, кешірім сұрауын талап етеді.

Гүлбану Әбенова

Гүлбану Әбенова

— Қазанның 10-ы күні «Нұр Отан» партиясы комиссиясы құрамында Силикатный елді мекенінің бірнеше мектебіне бардық. Бізбен бірге журналистер де болды. Тексеріс кезінде асхана қызметкерлерінің балаларға тағамды аз бергенін және кәсіпкердің екі мектепке екі түрлі шұжық берген фактісі анықталып, сол туралы пост жаздым. Фото, видео да бар. Кәсіпкер «жала жабу» деп, мені сотқа беріп отыр, — дейді журналист Гүлбану Әбенова.

Бұл мәселеге қатысты кәсіпкермен сөйлесу мүмкін болмады. Сотқа түсірген шағымына қарағанда, Гүлбану Әбеновамен қатар мемлекеттік «Литер» газетінің үстінен де арызданған. Істі Астана қаласының Байқоңыр аудандық соты қарап жатыр.

Желтоқсанның 12-сіне белгіленген алғашқы отырыс арызданушы келмегендіктен кейінге қалды.

КОМИТЕТТІҢ «ҚАРА ТІЗІМІ»

Мектеп асханаларындағы тамақ сапасының нашарлығы және балалардың денсаулығына зиян азық-түліктің сатылатыны жайлы белсенділер жиі айтады.

Қарай отырыңыз: Мектептегі тамақ сапасы неге нашар? (31 қазан, 2018 жыл)

​Желтоқсанның 12-сі күні Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті «ата-аналардың көп шағымынан кейін» мектеп асханаларында жеуге тыйым салынған тағамдар тізімін жариялады.

Комитеттің «қара тізіміне» суда жүзетін құс өнімдері, құрамында түрлі коллагені бар құс еті, мұздатылған ет, ысталған ет, щұжық, йодталмаған тұз, пастерленбеген сүт, ысыту арқылы өңдеуден өтпеген сүзбе, паштет, кремі бар тәттілер, квас, морс, фаст-фудтар, қаймақ пен майонез қосылған салат, шала пісірілген немесе қуырылған жұмыртқа, қытырлақ нан сияқты тағамдар кірген.

Үш жыл бұрын Қазақстан мектептерінде тегін тамақ беру жүйесі тоқтатылды. 2015 жылы ақпан айында экономикалық дағдарысты алға тартқан президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан азаматтары балаларының айраны мен тоқашы үшін өздері төлеуі тиіс» деп айтқан.

Қазір мектептегі асханаларда арнайы тендерге қатысып, ең арзан баға ұсынып жеңген компаниялар жұмыс істейді. Олар ұсынған тамақты балалар сатып алады.

Дереккөз: Азаттық