Мәскеуде Конституцияны өзгертуге қарсы жалғыз адамдық пикеттер өтіп жатыр

0

Мәскеуде президент әкімшілігі ғимаратының алдында Конституцияны өзгертуге қарсы жалғыз адамдық пикеттер өтіп жатыр деп хабарлады «МБХ Медиа» сайты. 15 қаңтарда халыққа жолдауында Ресей президенті Владимир Путин Конституцияны өзгертуді ұсынып, әншілер, саясаткерлер және заңгерлерден құралған комиссия да жасақталған.

Акцияны муниципал депутаты Илья Азар ұйымдастырған. Ол жақында Facebook желісінде Путин «конституциялық төңкеріс жасады” деп айтқан. Ресей заңы бойынша жалғыз адамдық пикеттерді өткізу үшін биліктен рұқсат сұраудың қажеті жоқ.

Тағы бір муниципал депутаты Юлия Галямина Путиннің ұсынысын қолдамайтындарды жексенбі күні рұқсат етілген шеруге қатысуға шақырды. Бұл жиын адвокат Станислав Маркелов және журналист Анастасия Бабурованы еске алуға арналған. Билік рұқсат етілмеген шеруге қатысқандардың әрекеті құқықбұзушылық болып бағалануы мүмкін екенін ескертті.

Сәрсенбі күні президент Владимир Путин Федералды жиынға дәстүрлі жолдауында Ресей Конституциясын түбегейлі өзгертуді, билік құзыретін қазір еш күші жоқ парламент пен мемлекеттік кеңестің пайдасына бөлуді ұсынған.

Көптеген сарапшылар осы өзгерістер арқылы Путин билікті сақтап қалуға тырысады деп есептейді. Конституция қатарынан екі реттен артық президент болуға тыйым салғандықтан Путин 2024 жылы президент сайлауына қатыса алмайды.

Azattyq