Мәскеу соты «тыңшылықпен айналысқан» Норвегия азаматын 14 жылға соттады

0

16 сәуірде Мәскеу қалалық соты Норвегия азаматы Фруде Бергті Ресейге қарсы тыңшылықпен айналысты деген баппен кінәлі деп тауып, 14 жылға соттады. Берг жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейді. Бұл туралы «Настоящее время» арнасының тілшісі хабарлады.

Сот жабық режимде қаралғандықтан судья «аса құпия» деген белгісі бар істің кіріспесі мен қорытындысын ғана оқыды.

Тергеу мәліметінше, 62 жастағы Берг – Ресейдің Мурманск облысымен шекаралас Финнмарк округінің бұрынғы шекарашысы Норвегия әскери барлау қызметінің өтінішімен Ресейге келіп-кетіп, федерацияның атом сүңгуір қайықтары туралы деректер жинаған. «Қайықтар туралы мәліметті оған Ресей қорғаныс кәсіпорнының қызметкері берген» дейді тергеу. «Росбалт» ақпарат агенттігінің жазуынша, 24 жастағы ресейлік Алексей Житнюк мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен қамауға алынған.

Тергеу мәліметінше, Берг өз жұмысы үшін ақшалай сыйақы алып отырған.

Адвокат Илья Новиковтың сөзінше, Берг Житнюкпен таныс болмаған.

Фруде Бергті Мәскеу құқық қорғау органдары 2017 жылы желтоқсанда ұстаған. Содан бері Норвегия азаматы қамауда отырды. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, немен айналысқанын жете түсінбегенін айтады. Қорғаушысы Бергті нағыз тыңшылар өз мақсаттарына пайдаланған болуы мүмкін дейді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз